Фонетиканы оқытуда қолданылатын инновациялық әдіс-тәсілдер

Бекмаганбетова Оралсын Каликайдаровна
Преподаватель казахского языка, магистр гуманитарных наук
Педагогический колледж имени Ж. Мусина

Фонетиканы оқытуда қолданылатын инновациялық әдіс-тәсілдер

 

ХХІ ғасыр – жаңа технология мен ақпараттандыру ғасыры. Тәуелсіз Қазақстан да сол ғасырға нық қадам басты. Еліміздегі барлық білім ошақтары компьютер және интерактивті тақтамен жабдықталуда. Қазіргі заманғы, ғылыми-техникалық үдерістің қарқыны күннен-күнге өсуде. Сонымен қатар, білім беру жүйесінің алдына да жаңа міндеттер жүктелуде. Білім беру саласында жаңа ақпараттық технологияны практикада меңгермейінше сауатты, жан-жақты маман болу мүмкін емес. Жаңа ақпараттық технологияны меңгеру мұғалімнің білімін шыңдап ғана қоймай, интеллектуалдық, кәсіптік, адамгершілік, рухани, азаматтық және тағы басқа көптеген адами келбетін қалыптастыруына ықпал жасайды.

Білім берудің негізгі мақсаты – білім мазмұнының жаңаруымен қатар, оқытудың әдіс тәсілдерімен әртүрлі құралдарын қолданудың тиімділігін арттыруды талап етеді. Осы мақсатты жүзеге асыруда ақпараттық технологияны пайдалану әдісі зор рөл атқарады. Мектеп пәндерін оқыту процесінде интерактивті тақтаны пайдалану мұғалім мен оқушы қарым-қатынасы жүйесін, олардың білімге деген қызығушылығының, ізденушілікке деген ынтасының, сезімінің өсуіне әсер етеді. Сондықтан білім берудегі барлық оңды өзгерістер педагогтың жаңаша ойлау тәсілімен, жаңа шығармашылық іс-әрекеттерімен, ізденушілігіне байланысты.Олай болса, күн тәртібінде қазақ тілінің фонетика саласын оқыту барысында бұрынғы таптаурын болған әдістерден гөрі, жаңаша оқыту тәсілдерін қолдану қажеттілігі тұр. Қазіргі уақытта төмендегідей жаңаша әдістер кең қолданысқа еніп жүр: ассоциация, деформация, салғастыру, моделдеу, топтастыру, тест, көрнекілік.

Ассоциация әдісі – сыртқы дүниенің әсерінен ойда жаңа ұғым пайда болып, санада сәйкес, ұқсас бейнелер елесін туғызады. Бұл әдісті тіл дыбыстарын оқытуда, буын түрлерін меңгертуде, орфография және орфоэпияның айырмашылықтарын танытуда қолданған жөн. Мысалы, мектепте 5-сыныптың оқушысына мұғалімі буын түрлерін сабақ түсіндіріп жатқанда былайша мысал келтірген екен: «Буынның түрлері ашық, тұйық және бітеу болып бөлінеді. Енді олардың айырмашылықтарын түсіну үшін көз алдарыңызға жолда кетіп бара жатқан ақ машинаны елестетіңіздер. Ақ машина – ол дауысты дыбыс. Егер ол жалғыз кетіп бара жатса, немесе оның артынан басқа көлік келе жатса да, алды ашық болса, онда ол ашық буын болады. Ал егер машинаның соңында ешқандай көлік болмай, ал алдында машиналар кетіп бара жатса, онда тұйық буын болады. Ал егер алдынан да, артынан да машиналар бітеп тастаса, онда бітеу буын деп аталады».

Осылайша мұғалім оқушыға дауысты дыбысты машинаға ұқсата отырып, ассоциация әдісі арқылы буын түрлерін ұғындырған.

Деформация әдісі – түрі өзгертілген тапсырмаларды дұрыс қалыпқа келтіру. Бұл әдіс арқылы әліпбиді ретімен айтуға үйретуге, дауысты және дауыссыз дыбыстардың классификациясын араластырып, оқушыларды олардың ретін таба білуіне дағдыландыруға болады.

Мысалы:

Салғастыру әдісі – біртектес немесе өзара ұқсас ұғымдарды бір-бірімен салыстыру. Мысалы, кестедегі сөздерді оқыңыз, салыстырыңыз, анализ жасап, ой қорытыңыз:

 

Орфография

Орфоэпия

жұмысшы

жұмұшшы

Дәуқара

Дәуғара

көбелек

көбөлөк

Дұрыс жазылу нормасы

Дұрыс айту нормасы

 

Ілгерінді ықпал

Кейінді ықпал

Тоғыспалы ықпал

Шаң қобыз

Ала құс

Асшы

Басшы

Аман келді

Қатонқарағай

 

Қазіргі қазақ тілін оқыту әдістемесінде тілді қатысымдық бағытта үйрету, яғни қазақ тілінің әлеуметтік рөлін, аясын кеңейтуді осы бағытта жүзеге асыру қажеттігі маңызды саналады. Сондықтан қатысым әдісінің ерекшеліктері мен тілді меңгертудегі мәні мен алатын орнын ажыратып, айқындау – қазіргі көкейтесті мәселенің бірі болып табылады. Сол себепті п.ғ.д., проф. Ф.Ш.Оразбаева тілді қатысымдық әдісі арқылы оқытуды ұсынады [1,187].

Инсценизация әдісін түрлі формада, мысалы, алдын ала дайындалған диалог, нақты тақырыпқа арналған дискуссия, театрланған көрініс формасында пайдалануға болады.

Дискуссиялық оқыту әдісі батыс елдерінің оқу орындарында кейбір міндеттерді шешуде басқа әдістерге қарағанда жақсы нәтижесін көрсеткен.

Әдістің мәні, тиімділігі нақты мәселені шешуде көзқарастар мен пікір алмасуда байқалады. Дискуссияның көмегімен оқушылар жаңа білімді игеріп, өздерінің пікірін бекітіп, көзқарасын дәлелдей алады. Оқыту үдерісінде дискуссияның негізгі атқаратын қызметі-танымдық қызығушылықты арттыру болып табылады. Ал қосымша қызметі – оқыту, дамыту, тәрбиелеу және коррекциялы-бақылау.

Дискуссия оқушыға танымал материалдардың мазмұнын толықтырып, оны тиянақтауға және бекітуге көмектеседі. Мәселен, оқытушы сингармонизм тақырыбы бойынша терең ақпарат беруде, оқушылардың ойлау қабілетіне әсер етіп, әрі қарай дамытуына бағыт береді.

Қазіргі кезде оқушылардың танымдық іс-әрекетін белсендірудің әр түрлі амал-тәсілдері өңделді. Оқу жұмысының жеке, ұжымдық, топтық түрлерімен бірге «миға шабуыл» әдісі, жоба әдісі тәжірибеге ендірілуде [2,5].

Тест әдісі – оқушылардың білімін байқау, жалпы сыныптың білімін бағалау, білім сапасы мен ой-өрісін арттыру, өтілген материалдар бойынша білімдерін бір жүйеге келтіру мақсатында қолданылады. Тесттің өз алдына бірнеше түрлері бар.

Тест-диктант қалыпты дауыспен оқылып, белгілі бір жерлерде пауза жасалып тестіленушілер естіген сегменттерін жазатын, жазғандарын тексеріп, қателерін түзеу үшін алынатын бақылаудың бір түрі.

Мысалы: Үндестік заңына бағынбайтын қосымшаларды жалғаңыз.

Сән..., өнер..., сөз..., ем..., Асан..., бала... .

Клоуз-тест тапсырманы орындау барысында сөйлемде немесе аудиомәтіндегі жетпеген элементті толтыруға арналған тест түрі.

Аудиоклоуз-тест қайта оқу барысында қалдырылып кеткен сөздерді қалпына келтіруге арналған тест түрі. Тесттің бұл түрлерін фонетика саласына қатысты ережелерді жаттатуда қолданған жөн.

Редакциялау тестін дыбысты, сөзді тексеру, жеке түзетумен, қатесін табу, сондай-ақ мазмұн бойынша сәйкес келмейтін сөздерді алып тастау, әліпбидегі әріптердің орын тәртібін реттеу, логикалық қателерді жөндеу сияқты жұмыс түрлерін реттейтін тест түрі.

Мысалы:

Артығын алып таста:

1) а

2) е

3) б

немесе

Сөзді дұрыс жаз: ашшы

1) азшы

2) асшы

3) ащы

Жаңа педагогикалық технологияларды іске асыруда қолданылып жүрген тағы да бір топ әдістер бар. Айталық, 20-шы жылдардағы педагогикалық әдістің бірі – «Дальтон-план». Ол Х.Паркхерст (1925) М. Монтессори педагогикалық тұжырымдамасы негізінде әзірлеген. Бұл әдістің негізі оқушылардың оқыту процесін өздері ұйымдастыруында жатыр. Оқушылар топтарға бөлініп, кейін өз бетінше оқыту жұмысын ұйымдастырады. Мысалы, сингармонизм заңдылығын меңгерту барысында оқушыларды топқа бөліп, жеке тапсырмалар беруге болады. Нәтижесінде оқушылар жеке жұмыс жасауға дағдыланады, топ ішінде белгілі бір міндетті атқару ісіне үйренеді, өзара бірлесіп жұмыс жасауға дағдыланады.

«Дальтон-план» әдісі мынадай ерекшеліктерге негізделеді:

-оқушылардың өзіне ұнаған оқу құралын пайдаланудағы еркіндік;

-оқушылардың жеке жазған оқу жоспары бойынша жауапкершілікті сезінуі;

-сабақ мазмұны мен жұмыс көлемін оқушылардың таңдай алу құқығының болуы [3,7].

Сондай келесі бір әдістің түрі - А.Г.Ривиннің өзара оқыту әдісі. Бұл белл-ланкастер технологиясының негізінде құрылған. Яғни, мұғалім білімді қабылдауы тез оқушыларға түсіндіреді, олар әрі қарай өзге оқушыларға үйретуді жалғастырады. Әдіскер-ғалым өзара оқыту әдісін былай ұсынады: екі оқушы, бірі-ұстаз, екіншісі оқушы бола отырып «бірін-бірі оқытады» әрі олардың білім дәрежесі есепке алынбайды. Оның ұсынған әдісін фонетиканың оқытуда қолданған өте тиімді. Мысалы, жұптың сыңары дауысты дыбыстарды айтып отырса, екіншісі олардың үнді, ұяң не қатаң екендігін айтып отыруға тиіс. Бұл тіл дыбыстарының жіктелуін коммуникативтік тұрғыда үйретуге сайып келеді.

Уақыт алға жылжыған сайын заманмен бірге әдістер жаңарып, жаңғырып отырады. Сондай жаңа оқытудың бірі – интерактивті оқыту әдісі.

Дыбыстық жүйені интерактивті әдістер арқылы оқыту үдерісінде іске асырылатын маңызды әдістік мақсаттарды былай айқындауға болады:

-әр түрлі күрделілік желісімен мақсатқа кезеңмен жүру мүмкіндігінің ескеріле отырып, оқытудың жекелендірілуі, дербестенуі және саралануы;

-диагностикаланып, нәтижелердің бағалана отырып, кері байланыстық бағалануды іске асыруы;

-өзін-өзі бақылау мен өзін-өзі түзетудің іске асуы;

-жаттығу мүмкіндігін қамтамасыз ету;

-зерттеліп жатқан үдерістің динамикасын көрсетудегі көрнекіліктің болуы;

-бағдарламалық сурет салу құралдары, ойын жағдайларының болуына байланысты оқыту уәжділігінің күшеюі;

-оқушылардың бойында оқу материалын меңгеру стратегиясын қалыптастыру мүмкіндіктерінің болуы.

Оқытудың нәтижелі өтуіне негіз болатын түп қазық – мақсаттың жүзеге асуы. Мұғалім қандай тақырыпты өтсе де, ең алдымен, оның мақсатын анықтауы тиіс. Бұл мұғалімнің өзіне қажет. Себебі оқылатын оқу материалын баяндауда оның негізгі идеясын немесе оқушылардың назар аударатын басты мәселесін есте сақтауға тиіс және оқушының ойында бекітілуге қажетті қосымша материалды анықтау жұмыстарын атқармай тұрып, оның мақсатын белгілей алмайсың.

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

  1. Оразбаева Ф. Тілдік қатынас: теориясы және әдістемесі.-Алматы, 2000.
  2. Жүнісбек Ә. Жаңа технология негізі – сапалы білім. – //Қазақстан мектебі, №4, 2008.
  3. Гусева Е.Ю. Дальтон-план как средство повышения эффективности обучения русскому языку. Москва, 2010.
  4. Бұзаубақова К. Жаңа педагогикалық технологиялар . // Қазақстан мектебі. № 4. 5-8 б. 2005.
  5. Арысбаева З. Инновациялық әдіс-тәсілдерді қолдану ерекшеліктері. // Қазақстан мектебі. № 1. 2007.
скачать dle 11.0фильмы бесплатно