601- тренажер-имитаторын пайдалана отырып, студенттердің мамандыққа қызығушылығын арттыру

Шагирова Жулдыз Амановна
Мұнай бөлімінің 1-санатты арнайы пән оқытушысы
«Саламат Мұқашев атындағы Атырау политехникалық колледжі» КМҚК

 

ХХІ ғасыр-ақпараттық технология ғасыры. Қоғамдағы ақпараттандыру процестерінің қарқынды дамуы жаңа технологияны жан-жақты меңгерген жеке тұлға қалыптастыруды талап етеді. Жаңа ақпараттық технологиялар-білім беру ісінде ақпараттарды даярлап, оны білім алушыға беру процесі. Осылайша оқу-тәрбие үрдісінде жаңа ақпараттық технологияларды пайдалану заман талабынан туындап отыр.

Қазіргі замандағы мұғалімнің міндеті ғылым мен техниканың қарқынды дамып келе жатқан заманда өмір сүруге икемді, қоғам пайдасына қарай өзін - өзі толық жүзеге асыруға дайын білімді, шығармашылыққа бейім, құзіретті және бәсекеге қабілетті тұлғаны қалыптастыру.[2] Бұл міндетті тек кәсіби білімі жетік, құзіретті, бәсекеге қабілетті ұстаздар ғана атқара алады. Мұғалімнің кәсіби құзіреттілігі оның білімінің жан - жақтылығы, ұстаздық шеберлігі, оқытудың жаңа әдістерін, инновациялық технологияны меңгеруімен өлшенеді. Мұғалім қаншалықты білімді шығармашыл болса, оның құзіреттілік қабілеті де кең болмақ.

Арнайы пәндерді оқытуда ақпараттық технологияларды қолдану іс-тәжірибесі тиімді әдіс деп ойлаймын. Оқу процесінде арнайы пәндерді оқытуда ақпараттық технологияларды тиімді пайдалану және қолдану кейінгі жылдары айтарлықтай оң тәжірибе беріп отыр. Атап айтсақ, студенттердің өз бетімен ізденісі, пәнге деген қызығушылығын арттырып, шығармашылығын дамытуға, оқу қызметінің мәдениетін қалыптастыруға, дербес жұмыстарын ұйымдастыруға ерекше қолайлы жағдай туғызып отыр.

Еліміздің экономикасының өркендеуіне мұнай өнеркәсібінің қосып отырған үлесі мол. Өнеркәсібіміз дамып, өркендеуі үшін, бұл саланы да меңгеру үлкен сұранысқа ие болатыны сөзсіз. Сол орайда мұнай кәсіпшілігінің дамуына, оны өндіру мен пайдалануда, мұнай кәсіпшілігінің машиналары мен механизмдерін, техникалары мен технологияларын пайдалана білетін озық мамандар даярлау біздің еншімізде.

Өзім дәріс беретін «Мұнай және газ өнеркәсібінің жабдықтарына техникалық қызмет көрсету және жөндеу» мамандығының «Сала технологиясы»; «Мұнай және газ кен орындрын пайдалану» мамандығының «Мұнай кәсіпшілік машиналары мен механизмдері» пәндері – өзара бір-бірімен тығыз байланысты пәндер деп ұғамын. Бұл пәндерді оқыту әрі қызықты, әрі қиын. Теориялық бағытта оқытылғанымен, практикалық, шығармашылық, эксперименттік тұрғыда оқуды қажет ететін бұл мамандықтардың оқыту формасы бір бөлек.

Әрбір жеке тұлға теориялық алған білімдерін, практикалық сабақпен ұштастырып, шығармашылық бағытта жұмыс істей алады.[1] «Шығармашылық» деген сөздің мәніне үңілсек, ол адамның мақсатты ісіне жету жолындағы талаптануы мен талпынысынан, жігері мен сабырынан, сұранысы мен ізденісінен түзіліп, ақыл ойы мен сезімінің, қиялының ерекше бітімінен көрінеді. Шығармашылық- адамның ойлауының және өз бетінше әрекетінің жоғары формасы. Мұнай саласының мамандығында оқитын студенттің толық шығармашылықта жұмыс жасауына ықпалын тигізетін – мұнай кен орындары. Осы мақсатта оқушыларды мұнай және газ өндіру кенорындарына апарып, мұнай өндірісінде қолданылатын құрал-жабдықтардың жұмысымен күнделікті таныстыру мүмкін емес жағдай.

Осы орайда колледжімізге «Кәсіптік және техникалық білімді қолдау» аясында мұнай мамандығына арналған бірнеше оқу стенділері мен зертханалық жұмыстар жүргізуге арналған компьютер кластары алынған болатын.

Соның бірі «Мұнай және газ скважиналарын меңгеру мен пайдаланудың 601-тренажер-имитаторы». Құрамына 1 басқару компьютері мен студенттерге арналған 15 желілі компьютер. «Мұнай және газ скважиналарын меңгеру мен пайдаланудың 601-тренажер-имитаторы» мұнай мамандығында оқитын студенттердің өз мамандығына деген қызығушылығын арттыруда пайдасы мол. [4]

Тренажер-имитатор мұнай және газ скважиналарының төмендегідей түрлерін оқытуға мүмкіншілігі бар:

-Фонтанды пайдалану әдісімен;

-Ортадан тепкіш сораптық әдіспен;

-Штангалық сораптық әдіспен;

-Газлифтілік әдіспен;

-Газ скважиналарын;

-Айдау скважиналарын игеру режимдерін меңгеру, орнатылған және орнатылмаған режимдерін зерттеу; скважинаны қиындатылған жағдайларда пайдалану технологияларын пайдалану арқылы жұмыс жасайды.

Басқару компьютерінен әрбір студентке өтілген тақырыптар бойынша тапсырма беріледі. Сол тапсырма бойынша студент өзінің дербес компьютерінен ашып, зертханалық жұмыс жасайды. Бұл тренажер-имитатор 2-3 курс студенттеріне өте тиімді. Себебі өндірістік тәжірибеге шықпаған студенттерге осы тренажер арқылы мұнай кәсіпшілігіндегі барлық құрал-жабдықтарды виртуальді түрде көре отырып қызметін айқындай алады. «Мұнай және газ скважиналарын меңгеру мен пайдаланудың 601-тренажер-имитаторын» қолданудың негізгі мақсаты-қазіргі қоғам сұранысына сай, бәсекеге қабілетті маман дайындап шығару. Сабақтарда «Мұнай және газ скважиналарын меңгеру мен пайдаланудың 601-тренажер-имитаторын» пайдалану кезінде студенттер бұрын алған білімдерін кеңейтіп, өз бетімен шығармашылық тапсырмалар орындайды. Әр студент тренажерда жұмыс істеу арқылы ұқыптылыққа, нақтылыққа, берілген тапсырмалардың нәтижелі орындалуына, басты мәселеге назар аудара білуге үйренеді, сондай-ақ тренажерда жұмыс істеу барысында студенттердің өзінің жеке іс-әрекетін дұрыс жоспарлауға, дұрыс шешім қабылдай алуға тәрбиелейді.

Мысалы:

1. «Мұнай және газ кен орындарын пайдалану» мамандығында оқитын студенттердің «Мұнай кәсіпшілік машиналары мен механизмдер» пәнінде «Мұнайды фонтанды әдіспен пайдалану» тақырыбын 601-тренажер-имитаторында орындау барысын қарастырайық.

Зертханалық жұмысты өткізу барысында компьютер экранында скважинаның жер үсті және жер асты жабдықтары қатар көрініп тұрады. Фонтанды әдіспен пайдалану тәсілінде қолданылатын фонтанды арматура кәсіпшілікте қандай, сол қалпында тұрады. Студент өз еркімен фонтанды қондырғымен жұмыс жасай алады. Көмекші құрал-жабдықтардың құрылысы мен жұмыс жасау принципімен танысады. Жұмысты бастар алдында техникалық қауіпсіздік ережесі сақталады. Топтық өлшеу қондырғысына кіру үшін алдымен ауадағы зиянды заттарды тазалау үшін желдеткішті қосуден бастайды. Топтық өлшеу қондырғысында әрбір студент тек өзіне берілген скважина өнімін өлшейді. Тереңдік манометрлерді скважина түбіне түсіріп, түптік қысымдарды өлшейді. Скважинадан шыққан өнімнен сынама алып, мұнайдың құрамындағы қоспаларды анықтай алады. Фонтан қондырғысындағы артық қысымды реттеу үшін уровнемер қондырғысын пайдаланып, қажетті мәліметтерді алады. Қосалқы қызмет көрсетуге арналған бөлшектерді пайдаланады. Толықтай технологиялық процесті бақылай алады. [4]

2. «Мұнай және газ өнеркәсібінің жабдықтарына техникалық қызмет көрсету және жөндеу» мамандығының «Сала технологиясы» пәнінен «Көтеріп-түсіру әдістері» тақырыбын 601-тренажер-имитаторында орындау барысында да студенттердің мамандығына деген қызығушылығы байқалды.

Скважинаның бойын тазалау үшін шаблонды скважинаға түсіру және оны кері көтеру үшін атқарылатын жұмыстарды кезең-кезеңімен жасайды. Көтеріп–түсіру әдісін басқару станциясында отырып, өзі басқарады. Таль арқанының үзіліп кетпеуі үшін әрбір секунд сайын (керілу, қысым, температура) мәліметтерді тіркеп отырады. Сол мәліметтер арқылы скважинаға жөндеу жұмыстарын жүргізе алады. Скважинаға көтеріп-түсіру әрекеттерін жасау арқылы өз еркімен басқару жұмыстарын атқарады. 601-тренажер-имитаторында жұмыс жасау арқылы студенттер:

- мамандығының қыр-сырын ашады;

-кәсіпшілік жабдықтардың құрылысымен танысады;

-өз бетімен жұмыс жасау арқылы, қажетті мәліметтерді алады;

-жіберілген қателіктерді дұрыстайды;

-өзіне деген жауапкершілікті сезінеді;

Осындай мәліметтерді жинақтаған студент өзінің мамандығына деген қызығушылығын дамытады, жұмыс жасауға ынталанады, шығармаашылықпен жұмыс жасауға дағдыланады. .

Осындай бағытта өткізілетін сабақтарды қорытындылау, бағалау өте жеңіл. Себебі, басқару компьютерінен әрбір студенттің жасаған жұмыс қорытындысы, яғни материалды қаншалықты игергендігі, берілген тапсырманы қаншалықты орындағандығы, қанша қателік жіберіп, оларды кері дұрыстағандары, түзетілмейтін қателік жіберілгендігі дайын түрде шығарылады.

Өзімнің зерттеу нәтижелеріме сүйене отырып, «Мұнай және газ скважиналарын меңгеру мен пайдаланудың 601-тренажер-имитаторын» қолдану арқылы дәріс беретін студенттерімнің білім деңгейін тәжірибелік түрде шыңдағанымды дәлел ете аламын.

1. 2014-2015 оқу жылы осы топтарда оқитын студенттердің І-жарты жылдық қорытындысын 2015-2016 жылғы І-жарты жылдық қорытындысымен салыстыру арқылы көруге болады.

2. Жыл сайынғы бітіруші түлектердің «Кәсіптік деңгейді бағалау» тестісінде 2014-2015 оқу жылымен салыстырғанда 2015-2016 оқу жылы көрсеткішінің өскендігі байқалды.

Осындай жұмыстардың қорытындысы ретінде студенттер талаптана оқып, шығармашылық бағытта талпынып, әртүрлі бағытта технологиялық сипаттағы жаңа жобалар туындайды.

 

Мысалы: Республкиалық инновациялық технологиялар байкауына қатысып, студенттердің шығармашылық жұмыстары ретінде «Фонтанды қондырғы», «Тербелмелі қондырғы» макеттері көпшіліктің назарына ұсынылып, қызығушылық танытты.

Мұнай газ өндірісіне қажетті ғылыми жобалардың дамуы да әрбір студенттің өз мамандығына деген қызығушылығынан болады.

«Мұнай және газ скважиналарын меңгеру мен пайдаланудың 601-тренажер-имитаторы» арқылы студенттер мұнай мен газ қалай өндірілетінін, ол мұнайды жер бетіне шығару үшін қолданылатын жабдықтарды, мұнайды топтап жинау, жиналған мұнайды сақтау резервуарларын, дайын өнімді айыру жұмыстарын, өндірілген өнімнен сынама алу, тұтқырлығы жоғары мұнайлармен күресу жолдарын, сорапты-компрессорлық станциялардың жұмысын, техникалық-жабдықтау бөлімінің қызметін, басқару станциясының жұмысын реттеуді, күрделі жөндеу жұмыстары кезінде қолданылатын агрегаттар түрін, көтеріп-түсіру есебін, электроқозғалтқыштар есебін т.б көптеген технологиялық үрдістерді оқып біледі.

Бүгінгі күні еліміздің экономикасы қарыштап дамып, кәсіптік білім беру жүйесінде де алдымызға үлкен мақсаттар қоя бастадық. Сапалы кәсіптік білім беру-әлемдік өркениетке жеткізетін сара жол екенін түсіндік. Кәсіби мамандар дайындау – мемлекеттік маңызы бар іс. Сондықтан да оған мемлекеттік жауапкершілік тұрғысынан қараған жөн және әрбір сабақтарда ақпараттық технологияларды үнемі қолдануды қалар едім.

Мұнай өнеркәсібіне таптырмайтын кәсіби мамандар дайындау менің алға қойған мақсатым.

Сондықтан, елбасымыз үнемі қайталайтын «Ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен» сақталған елдің әлемде атын асқақтатып, даңқын паш ету әр қазақтың ұраны болуы тиіс болса, бүгінгі студенттер ертеңгі елдің болашағы. Біз өз жұмысымызда осыны әрқашан есте ұстап, білімді де білікті маман, қарапайым да адами қасиеті мол, әлемдік бәсекелестікке өзін, өзінің ұлтын, өзінің халқын тек жақсы жағынан таныта алатын азаматты тәрбиелеуге мүдделі болуымыз керек.

 

Қолданылған әдебиеттер

1. Б.А. Тұрғанбекова «Мұғалімнің шығармашылық әлеуетін біліктілікті арттыру жағдайында дамыту: теория және тәжірибе» Алматы-2005

 

2. К.Құдайбергенова «Құзырлылық – тұлға дамуының сапалық критерийі» (ғылыми-практикалық конференция материалдары) Алматы-2008

 

3. Жанар Жетесова. Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университеті, аударма ісі кафедрасының оқытушысы, «Оқыту үрдісіндегі ақпараттық-коммуникациялық технологиялар тиімділігі» // Білім технологиялары, 2010

 

4. «Мұнай және газ скважиналарын меңгеру мен пайдаланудың 601-тренажер-имитаторы»-оқу әдістемелік нұсқаулығы

 

 

 

 

 

 

скачать dle 11.0фильмы бесплатно