Мәңгілік ел қақпасы – ерекше туынды

Рамазан Нұржан Семиқанұлы
5 сынып оқушысы
«Т.Көбдіков атындағы орта мектебі» КММ

Ғылыми жетекші: Нуртазина Маншук Бекқазықызы
тарих пән мұғалімі

Маған бүгін керек емес ертегі,

Ертегіні балам өзі шертеді.

Тарих керек - іргетасы қазақтың,

Іргетассыз қаланбайды ертеңі.

Қадыр Мырза Әлі

КІРІСПЕ

«Мәңгілік ел» ата-бабаларымыздың сан мың жылдан бергі асыл арманы. Ертеңгі күннен үмітті біздің елдің ұраны да, жыр-әні де сол болуға тиіс. Алайда, байлық пен абырой, жаңарулар мен жаңғырулар аспаннан жаумайды. Оған жету үшін елдің еңкейген кәрісі мен жел көкірек жасы тек нәтижелі еңбек пен тұғырлы ғылымға ғана арқа сүйеуі қажет. Осы екеуіне арқа сүйеген жұрт мұратына жетеді. Сонда ғана халықтың әл-ауқаты көтеріледі, бізді әлем мойындайды, Қазақстан дүние жүзіндегі бәсекеге қабілетті 30 мемлекеттің қатарынан ойып отырып орын алады.

Мәңгілік Ел күллі қазақтың бірегей тарихи мақсаты мен қаһармандық ұраны десем қателеспеймін. Аталған идея қазақ елінің ғасырлар бойы армандаған мақсаты ғана емес, Тәуелсіздік жолындағы жанқиярлық ерлігі мен тынымсыз еңбегінің нәтижелері арқылы қол жеткен асу. «Мәңгілік ел» ұғымын тереңнен түсіндіру, тарихи негіздерін көрсету мәселелері маңызды болып табылады.

Мәңгілік ел қақпасы – ерекше туынды

«МӘҢГІЛІК ЕЛ» ИДЕЯСЫНЫҢ ТҮП ТАМЫРЫ

Тарихи тұрғыдан қарап, «Мәңгілік ел» сөзінің мағынасына үңілсек, XII– XIII ғасырларда, тарихтағы Шыңғысханның 25 жыл көлемінде Рим империясынан екі есе үлкен мемлекет құрып, мәңгі ел құру арманын іске асыруды мақсат тұтқандығын анық білуге болады.

«Моңғол» сөзін талқылай отырып, қытай шежірелерінде кездесетін тұңғыш дерек саналып жүрген VIII ғасырдағы «Тан шу» кітабындағы «менъу» (мен гу) сөзіне тоқталмауға болмайды. Осы дерекке сүйенген әлем тарихшылары моңғолдың бұрыннан бар этнос екенін айтуда. Бұл сөзді (мен гу) қытайлар «ежелгілер, ежелгіні сақтаушылар» деген мағынадағы иероглифтермен белгілепті. Ал, «сақталынған, ежелгі» дегеннің мағынасы бәрібір «мәңгі, мәңгілік» екені сөзсіз.

Мәңгілік Ел — жалпы қазақстандық ортақ ұлттық идеясы. Бабаларымыздың арманы. ҚР Президенті Н.Ә. Назарбаевтың бастамасымен Астанада асқақ рухымыз бен мәңгілік мұраттарымызды паш етіп тұрған «Мәңгілік Ел» салтанат қақпасының салынуы «Мәңгілік Ел» идеясының мелекеттік идеологияға айналғандығының бір дәлелі. «Мәңгілік Ел» сөзінің терең тарихи тамыры және үлкен мағыналы мәні бар. Түрік шежіресінде «мәңгі» сөзі «Тәңір», «Құдай», «Алла» сөздерімен мағыналас қолданылды. Осыдан кейін, «Мәңгілік Ел» «Алла Тағаланың елі, халқы» дегенді білдіреді. Мәңгілік Ел ұлттық идеясының негізгі мәні — мәңгілік мақсат-мұраттарымыз бен мәдени-рухани құндылықтарымызға негізделген, мемлекет құрушы қазақ халқы мен өзге де ұлттардың ұлттық идеяларын бір арнаға тоғыстыратын идеология арқылы қалыптастырылатын қазақтың ұлттық мемлекеті.

"МӘҢГІЛІК ЕЛ" ҚАҚПАСЫ ӘЛЕМДЕГІ САНАУЛЫ ҚАЛАЛАРҒА ТӘН ЕРЕКШЕ СӘУЛЕТТІК-МОНУМЕНТАЛДЫ ТУЫНДЫ

Салтанат қақпасы – әлемдегі санаулы қалаларға тән ерекше сәулеттік-монументалды туынды. Әдетте мұндай қақпа жеңіс рухын асқақтату немесе жасампаз жетістіктердің құрметіне қаланың кіреберісіне, үлкен жолдың бойына орнатылады. Салтанат қақпалары мемлекеттің жеңіс жолында қол жеткізген тәуелсіздік символы болып саналатыны сөзсіз.

Бүгінгі таңда Елордамызда бой көтеріп отырған «Мәңгілік ел» қақпасын қазақ халқының түркітілдес ата-бабаларымыздың сан ғасырлық арманының іске асырылуы деп білуге болады.

Қақпа – алып аумағы бойынша әлемдегі тоғызыншы мемлекеттің бүгінгі биік мәртебесі мен ертеңгі ерен еншісін ел-жұртының жадына мәңгі сақтайтын тағлымды дүние. Жай ғана ескерткіш емес, ұлттың ғасырлар бойғы арман-ойы мен өмірлік өнегесін үнемі еске салатын көрнекі тұғыр. Бұл сәулет нысаны Астананың сол жағалауындағы көкке бой созған зәулім ғимараттардың ортасынан ойып орын алды.

Елбасымыздың айтуынша: «Тәуелсіздікке арналған нышан – Салтанат қақпасы ұрпаққа ой беруге тиіс, ол – еліміздің еңсесі тіктеліп, рухы көтерілгендігінің нышаны! Ол азаттығымызды әлемге айғақтап тұратын болады және Тәуелсіздікке қол жеткен 20 жыл ішіндегі жас мемлекетіміздің табысын паш етеді».

Мұндай Жасампаздықтың қақпасын салу идеясын Елбасының өзі ұсынған болатын. Салтанат қақпасы елорданың үздік сәулетшілері қатысқан байқау қорытындысында Елбасының көңілінен шыққан Астана қаласының бас дизайнері Сағындық Жанболатов пен жас сәулетші Қанат Қорғановтың жобасы бойынша салынды.

Астанаға Салтанат қақпасының классикалық негізі алынды. Классикалық ережелерге сәйкес, елордадағы «Мәңгілік ел» қақпасы да нақты үйлесімділікпен ерекшеленді. Салтанат қақпасының өлшемдері тепе-теңдік ережесіне бағынышты. Сәулет нысанының биіктігі – 20 метр. Бұл – ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығының белгісі. Мұндай биіктік қала шегінде айқын көрінеді. Қақпаның әрбір қабырғасының симметриялық өлшемдерінің теңдігі бірдей. Әрбір қабырғаның төменгі табанында биіктігі 4,4 метр болатын мүсіндер бар. Қақпаның сол жақ қапталында «Ақсақал» мүсіні орнатылған. Бұл – халықтың ойы мен рухани өлшемінің көрінісі, даналықтың символы. Қақпаның сол жақ қапталында от иесі – «Әйел-Ананың» мүсіні орнатылған. Ана бейнесі қазақ ұлты үшін «Отан-Ана», «Жер-Ана», «Ана тілі» сынды киелі ұлттық ұғымдарына ұласады. Мүсіндердің әрқайсысының астында қазақтың «Мәңгілік» дара таңбасы орын алған. Ол мемлекеттің мәңгілігін білдіреді. Әр мүсіннің жоғарғы жағында Елтаңба орналасқан. Елтаңба құрылымға ерекше салтанаттылық бере отырып, оның мемлекеттік мән-маңызын көрсетеді әрі мемлекеттік рәміздеріміздің бейнесін аша түседі. Сыртқы бөліктің жоғарғы жағында «Мәңгілік ел» жазуы бар. Ол – мемлекет пен ұлттың уақытқа тәуелсіз киелі қорғаны. Қақпаның жоғарғы бөлігін тұтас күрделі ою-өрнектер шоғыры алып жатыр. Дәл осы өрнектер мемлекетіміздің Көк байрағында да көрініс тапқан. Қақпаның төрт бұрышы бағаналармен бекітілген. Қақпаның сол жағындағы орында көшпенді сарбаздың, ал оң жағында қазіргі Қазақстан жауынгерінің мүсіні орналасқан.

Сондай-ақ қабырғалары қазақтың күрделі ұлттық өрнектерімен безендіріліп, ортасына қазақ жауынгерінің бес қаруының бірі – қалқан орналасқан. Қалқан – қашанда қауіп-қатердің қорғаны, сенімділік, тұрақтылық, жеңістің белгісі.

«Мәңгілік ел» қақпасы маңында орналасқан Астанаға кіреберістегі жол мен саябақ бар. Жалпы, Салтанат қақпалары үлкен жолдардың бойына, қаланың кіреберісіне қойылады. Өзінің негізгі мазмұны мен идеологиялық маңызын бұзбай, Астанадағы «Мәңгілік ел» қақпасы да Орынбор көшесінің орта тұсынан бой көтерді.

Қақпаның ішкі жағының екі қабырғасы да рельефті суреттермен әшекейленген. Қақпаның ішкі жағындағы екі қабырғаның әрбірі 7 х 3,5 метр болатын бедерлі суреттермен әшекейленген. Олардың бірінде «Сақтар» – «Түркілер» – «Қыпшақтар» – «Қазақтар» тізбесіндегі қазақтың шығу тарихының кезеңі көрсетілген.

Келесі қабырғаның бас тақырыбы ең қастерлі ұлттық құндылық – Тәуелсіздікке арналады. Мұнда Қазақстан Тәуелсіздігінің бастауын айқындайтын тұңғыш заңнамалық құжат – Ел егемендігі туралы декларация көрсетілген.

Жоғарғы жағында көлемді көру мұнарасы бар. Құрылыстық тұрғыдан «Мәңгілік ел» қақпасын тұрғызу барысында жарқын түсті жоғары сапаға жауап беретін материалдар қолданылған.

ҚОРЫТЫНДЫ

Жоғымызды түгендеп, барымызды толықтырып жатқан, тәуелсіз елдің көк байрағы желбіреп жатқан тұста Қазақстан Республикасы атты тәуелсіз мемлекеттің елордасында қазақ деген халықтың ғана емес, бүкіл түркітілдес ата-бабаларымыздың сан ғасырлық арманы болған «Мәңгілік ел» қақпасы ойып тұрып өз орынын алды. «Мәңгілік ел» салтанат қақпасы қазақ ұлтының болмысы мен тарихын, жас мемлекеттің аяққа тұруы мен дамуының алғашқы 20 жылда жеткен жетістігін әйгілеу үшін бой көтерді.

Салтанат қақпасын орнатқан әр ел оны өзінің тарихымен ұштастырып жасайды. Біздің елдің «Мәңгілік ел» салтанат қақпасы да халқымыздың ой-арманымен өріп, ұлттық нақышта жасалынған – ерекше туынды.

«Мәңгілік ел» қақпасы қазақ халқының толағай табыстарының белгісі ретінде тұрғызылды. Ендігі кезекте салтанат қақпасы Астананың тағы бір символына айналатынына кәміл сенемін.

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

1. Бас редактор: Ерлан Сыдықов. «MANGI EL» халықаралық ғылыми-көпшілік тарихи журналы, — Алматы, «Pride Print», баспасы, 09.2013. — 108 бет.

2. Күлтегін Тоныкөк: Ежелгі түркі рун жазбалары (Әдеби нұсқасын жасаған Қадыр Мырза Әли..) — Алматы, «Өлке» баспасы, 2001. — 144 бет.

3. Назарбаев Н. Ә. Тарих толқынында. — Алматы, «Жібек жолы» баспа үйі, 2010. — 232 бет.

4. http://massaget.kz

скачать dle 11.0фильмы бесплатно