Қазақстан экономикасы: өткені мен бүгінгі жағдайы

Тукешова Асел Максетовна
студентка ІІІ курса, специальности Финансы
Уральский гуманитарный колледж
Научный руководитель: преподаватель специальных дисциплин
Абдрахманова Эльмира Каирболатовна

Қазақстан экономикасы: өткені мен бүгінгі жағдайы

 

Болашақтағы Қазақстан Республикасы экономикасының негізгі экономикалық мақсаттары мына бағдарлама құжатында анықталады: «Қазақстан егеменді ел ретінде қалыптасуы мен даму стратегиясы» бағдарламасында (1992ж.) Н.Ә.Назарбаев экономика саласындағы, яғни қоғамдық өмірдің шешуші саласындағы стратегиясы үш кезең ішінде нарықтық жүйеге өтуді жалғастыру болатынын атап көрсетті.

-І кезең 1992 - 1995 жылдарды макроэкономикалық тұрақтандырудың екі негізгі процестерін қамтиды: меншіктің едәуір бөлігін жекешелендіру және тұтыну нарығын тауарлармен толтыру;

-ІІ кезең (1996 – 2005 жылдар) экономиканың шикізат базасын өзгертуге қадам басу үшін, телекоммуникация мен транспорт жүйелерін жеделдете дамыту, сонымен бірге дамыған тауар және валюта нарықтары, капитал, жұмыс күші, бағалы қағаздар мен интеллектуалды меншік нарықтарын қалыптастыру үшін қажет ;

-ІІІ кезең (2006 – 2012 жылдар) экономиканың ашық типін жедел қарқынмен дамыту, осының негізінде өтпелі кезенде стратегиялық мақсаттарға жету және Қазақстанның әлемдік индустриялды елдер қатарына кіруімен әлемдік саудада позициясының нығаюымен сипатталады.

Осыған байланысты көптеген жаңа заңдар, реформаны жүзеге асыруға қажет басқа да құжаттар қабылданды. Нарықтық экономикаға көшу мәселелерімен айналысатын жаңа мемлекеттік басқару органдары құрылды. Олар: Мүлік жөніндегі, Монополияға қарсы саясат жөніндегі комитеттер, Салық инспекциясы, Кеден және т.б. Сондай-ақ нарықтық экономикаға тән инфрақұрылымның кейбір түрлері: биржалар, коммерциялық банктер, сауда үйлері, жекеменшіктік кәсіпорындар мен шаруашылықтар, жеке меншік пен мемлекет меншігі аралас ірі корпорациялар, акционерлік қоғамдар, холдингтік компаниялар өмірге келді. Сөйтіп, нарықтық экономикаға қарай, меншіктің түрін өзгертуде, аралас экономика құруда біршама жұмыстар атқарылды. Алайда, нарықтық экономикаға көшуде бірсыпыра қателіктерге жол берілді. Біріншіден, реформаны бастауда мемлекеттің мақсаты да, мүдделері де, оларға жетер жолы да, әдіс-тәсілдері де толық анықталмады. Екіншіден, барлық елдерге бірдей сай келетін экономикалық реформаның моделі болмайды. Әр елдің өзіне тән, оның ұлттық бітіміне, тарихына, дәстүріне, нақтылы саяси, әлеуметтік, экономикалық қалыптасқан жағдайына сәйкес өз моделі, өз жолы болуы керек. Үшіншіден, экономикалық реформа бірінен кейін бірі және өзіндік ретімен жасалуы арқылы жүзеге асуға тиіс. Ал Қазақстанда қажетті заң жүйесі жасалып бітпей, жекеменшікке негізделген кәсіпорындардың үлесі өсіп, бәсеке ортасы қалыптаспай тұрып, ең әуелі бағаны ырықтандырудан бастау қате болды, өйткені бағаны ырықтандыру — үкімет тарапынан мезгіл-мезгіл оны өсіріп отыру болып шықты. Төртіншіден, қабылданған заңдар көп жағдайда жүзеге аспай қалды, себебі ол заңдардың жүзеге асатын механизмдері жасалмағанды. Бесіншіден, инфляцияны ауыздықтамаса ешбір істе береке болмайтыны белгілі. Бірақ осыған қарамастан мемлекеттегі қаржы, несие, ақша жүйесі ретке келмеді. Ұлттық банк ақша жүйесін, ақша айналымын, оның ішкі және сыртқы қозғалысын қатаң бақылауға алудың орнына, ақша-несие ресурстарын бей-берекет жұмсап, аса жоғары процентпен сатып, пайда табумен әуестенді. Алтыншыдан, қылмыс, жемқорлық, заңды бұзушылық көбейді. Оған жаппай тәртіпсіздік, жауапсыздық қосылды. Міне, бұлар реформаны жүргізуде, экономиканы дамытуда өздерінің зиянын тигізді. Жетіншіден, мемлекет басшылары экономикалық дағдарыс кезінде өмір сүріп, жұмыс істеп көрмегендіктен, оның қыр-сырын, бүге-шігесін, одан шығу жолдарын білмеді. Экономикалық дағдарысты дұрыстап бағалай алмады. Елді дағдарыстан тез арада шығару саясаты жүргізілді, бірақ ол ешқандай нәтиже бермеді. Сондықтан мемлекет дағдарыстан шығудың жолдарын қарастыра бастады. Оның ең бастысы — бағаны ырықтандыруды белгілі бір жүйеге келтіру еді. Қазақстанда ырықтандыру 1992 ж. мұнайдың, мұнайдан шығатын өнімдердің, басқа да энергия көздерінің бағасы әлемдік бағаға дейін жоғарылауы керек деген ұранмен жүргізілді. Осының нәтижесінде әр кәсіпкер, әр кәсіпорын ең жоғары таза пайда алғысы келді. Сөйтіп баға шарықтап өсті, елдің экономикасы бағаның шарықтап өсу кесірінен төмен түсіп кетті. Бағаны ырықтандырудан кейінгі екінші атқарылған іс — жекешелендіру. Мемлекеттік меншікті жекешелендірусіз нарыққа нақты көшу мүмкін емес еді. Бұл қадам нарық субъектілерін құру тұрғысынан ғана емес, сонымен бірге халықтың бойында меншік иесі психологиясын қалыптастыру тұрғысынан да маңызды. Сондықтан да республикада ауқымды жекешелендіру жүргізілді. Бүгінде оны өткізудің 4 кезеңін даралап айтуға болады. Алғашқы үшеуі мемлекет иелігінен алу мен жекешелендірудің ерекшелігімен байланысты болса, төртінші кезең мемлекеттік меншікті басқаруды жетілдіруге екпін түсуімен сипатталады. Біз шағын жекешелендіруден бастадық. Алғашқы кезеңнің барысында 1991—1992 жылдары 5000-ға жуық нысандар жекешелендірілді, олардың қатарында ұжымдық меншікке берілген 470-тен астам кеңшар болды. Екінші кезең "Қазақстан Республикасында мемлекет иелігінен алу мен мемлекеттік меншікті жекешелендірудің 1993—1995 жылдарға арналған Ұлттық бағдарламасы” негізінде жүргізілді. Бұл кезеңнің аса маңызды қадамы мемлекеттік меншікті басқару мен жекешелендірудің біртұтас жүйесі болды. Сол кезде шағын және орта бизнесті дамытуға белгі берілді. Көтерме сауда буынын қоса алғанда бұрынғы кеңестік сауда жүйесін өзгерту басталды. Қызмет көрсету саласында бәсекелестік орта пайда болды. Үшінші кезең 1995 жылғы желтоқсанда заң күші бар "Жекешелендіру туралы” Жарлықпен басталып, 1999 жылға дейін жалғасты. Осы сәттен бастап ол тек ақша қаражатымен жүзеге асырылды. 1999 жылдан кейін бірінші кезекке мемлекеттік мүлікті басқаруды жетілдіру мәселелері шықты. Төртінші кезеңде мемлекеттік меншікті басқару және онымен айналысу мәселелері бойынша мемлекеттік органдар арасындагы өкілеттіктерді бөлуге жаңа көзқарас қолданыла бастады. Республикалық мемлекеттік және коммуналдық мемлекеттік кәсіпорындарды оңтайландыру басталды. Елдің экономикалық қауіпсіздігін анықтайтын экономиканың стратегиялық маңызды секторларына мемлекеттің ықпалы мен ондағы үлесі ұлттық компаниялар арқылы сақталды. Мұнай-газ секторында — бұл "ҚазМұнайГаз”, энергетикада — "КЕГОК”, телекоммуникацияда— "Қазақтелеком”, темір жолда — "Қазақстан темір жолы”. Бірақ жекешелендіру барысында да кемшіліктер орын алды. Мемлекеттік меншікті жекешелендіру жарияланған екі кезеңінде де (1991—92 жж. және 1993—95 жж.) мүліктің көпшілік бөлігінің талан-таражға түсуіне жол берілді. Бұл халық шаруашылығы үшін берекесіздік тудырып, экономиканың терең дағдарысқа ұшырауының басты себебінің біріне айналды.

1993 ж. 15 қарашада мемлекеттің өз ақшасы—теңге енгізілді. Сөйтіп, біз экономикалық тәуелсіздіктің аса маңызды нышаны — ұлттық валютамыз теңгеге ие болдық. Бұл бізге 1994 жылы-ақ гиперинфляцияны бәсеңдетуге, ал 1995 жылы инфляция процесін ауыздықтауға мүмкіндік берді. Реформаның барысында 1994 жылдың күзінен үкімет макроэкономикалық реттеуді меңгере бастады. Бағаның өсуі біраз тежеліп, инфляцияның өсу қарқыны елеулі түрде төмендеді.

Қазақстан үкіметі осыдан кейін 1996—1998 жылдарға арналған жаңа бағдарлама қабылдады. Онда реформаның ең күрделі деген мәселелерін шешу маңызды орын алды. Алайда, бағдарламада көзделген жекешелендіруді аяқтау, бірыңғай холдингтік, шағын және орта кәсіпкерлікті қолдау, ауыл шаруашылығында қосымша 30 мыңға жуық шаруа қожалықтары мен фермерлік шаруашылықтарды құру айтарлықтай нәтижелер берген жоқ. Қоғам айқын мақсаттар мен оларға қол жеткізу жолдары баяндалған стратегиялық бағдарламалық құжатқа мұқтаж болатын. Олар "Қазақстан — 2030” ел дамуының Стратегиясында тұжырымдалды. 1997 жылдың қазан айында Президент Н.Ә.Назарбаев республика халқына "Қазақстан — 2030” деген атпен жолдау қабылдап, онда еліміздегі дағдарыстан шығудың және жүріп жатқан реформаларды аяқтаудың, сондай-ақ алдыңғы қатарлы мемлекеттердің қатарына қосылудың, немесе "Қазақстан барысын” қалыптастырудың жаңа бағдарламасын ұсынды. Бағдарламада еліміздің саяси, әлеуметтік-экономикалық дамуының жақын арадағы және стратегиялық ұзақ мерзімдегі даму жолдары мен мүмкіндіктері жан-жақты көрсетілді. Онда елдің ішкі бекем тұстарын және сыртқы саясатындағы мүмкіндіктерді барынша пайдалана отырып, мемлекеттің дамуындағы ұзақ мерзімді жеті басымдықты іске асыру көзделген. Олар: 1) ұлттық қауіпсіздікті сақтау; 2) ішкі саяси тұрақтылық пен қоғамның топтасуын нығайту; 3) нарықтық қатынастар негізінде экономикалық өсу; 4) Қазақстан азаматтарының денсаулығы, білімі мен әл-ауқатын көтеру; 5) энергетика ресурстарын жете пайдалану; 6) инфрақұрылым, көлік және байланысты дамыту; 7) демократиялық кәсіби мемлекетті құру. Тек осы аса маңызды шараларды іске асырғанда ғана Қазақстан халқының өсіп-өркендеуі, қауіпсіздігі және әл-ауқатының артуы мүмкін екендігіне сенім білдірілді. "Қазақстан — 2030” бағдарламасының талаптарына орай соңғы жылдары еліміздің егемендігі мен тәуелсіздігін нығайту, әлемдік стандарттарға сай түзілген заңнамалық-құқықтық базаны жетілдіру жөнінде орасан зор жұмыстар жүргізілді. Атап айтқанда, биліктің, сот және құқық қорғау органдарын қоса алғанда, оның барлық тармақтарының құрылымы мен қызметінің қағидаттары едәуір жетілдірілді. Сондай-ақ, демократия мен азаматтық қоғам институттары даму жолына түсті. Қазақстан геосаяси кеңістікте әлемдік қоғамдастықтың тең құқылы мүшесі ретінде лайықты орын алды. Қалыптасқан әріптестік саяси және экономикалық қатынастар мемлекетімізді барлық дүние жүзі елдерімен байланыстыруға мүмкіндік берді. Қазақстан жетекші халықаралық ұйымдарда, соның ішінде, БҰҰ-да белсенді жұмыс жүргізіп, антиядролық қозғалысқа, жаппай қарусыздануға, бітімгершілік және терроризмге қарсы күрес ісіне лайықты үлесін қосып келеді. "Қазақстан — 2030” стратегиясында көрсетілгендей, әсіресе, соңғы жылдары республикада тұрақты экономикалық өрлеу, өндіріс ауқымының өсуі байқалып отыр. Әсіресе, шағын кәсіпкерліктің дамуын атап көрсетуге тұрарлық. "Қазақстан — 2030” бағдарламасын жүзеге асыру барысында тәуелсіз еліміздің басты табыстары мен жетістіктері — мемлекеттің қауіпсіздігін нығайту және экономикалық өрлеу болды. Бұл барлық қазақстандықтардың өсіп-өркендеуіне, әл-ауқатының артуына кең өріс ашты. Қазір біздің республикада нарықтық экономиканың іргесі қаланып қана қойған жоқ, сонымен қатар барлық қазақстандықтардың игілігі үшін ішкі ресурстары мол әлеуметтік-экономикалық дамудың нақты нышандары қалыптасты. Оған дәлел ретінде әлемдегі ең күшті мемлекет — АҚШ-тың Қазақстанға нарықтық экономикасы бар ел мәртебесін беру туралы шешімін ерекше атап көрсеткен жөн. Бұл АҚШ басшылығының, американдық іскер топтар мен сарапшылардың қазақстандық реформалардың жетістіктерін мойындауы болып табылады. Сөйтіп, Қазақстанның ТМД елдері арасында осы мәртебені бірінші болып алуы кездейсоқтық емес. Бұл шешім Қазақстанға қатысты АҚШ және тағы басқа дамыған елдер тарапынан экономикалық шектеулер мен түзетулерді алып тастаудан өзінің көрінісін тапты. Ол болашақта республиканың нарық қатынасына көшкен ел ретінде Дүниежүзілік сауда ұйымына кіруінің оңтайлы алғы шарты болып табылады. Сонымен, қорыта келгенде, жер жүзіндегі қазіргі 182 елдің 15 мемлекеті нарықтың қарқынды даму жолын игерген, 156 ел — нарықтық даму жолына түскен (соның бірі — Қазақстан), тек 11 ел ғана — нарықтық қатынасқа әлі кірмеген. Әлемдік экономиканың заңдары мен талаптарына сай біз де елімізде нарықтық (кәсіпкерлік) қоғам құрып жатырмыз. Кәсіпкерлік — күнкөрісіміздің көзіне айналды. Дамыған елдердегідей "кәсібің — нәсібің” деген ұстаныммен өмір сүруге көштік. Экономикалық, өндірістік қатынастар жүйесін түбегейлі өзгерту жөніндегі реформаның ең маңызды кезеңінің басты міндеттері шешілді. Бүгінгі таңда Қазақстанда нақтылы жұмыс істеп түрған нарықтық экономика бар. Нарықтық экономикаға көшу бастапқыда өнеркәсіптің дамуына жол ашпады. Халық шаруашылығының бұл саласын дамытуда көптеген қиыншылықтар кездесті. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары өнеркәсіп салалары, әсіресе, ауыр индустрия, халыққа аса қажет жеңіл өнеркәсіп орындары біртіндеп тоқтай бастады. Кәсіпорындардың көпшілігі қажетті материалдық ресурстардың жоқтығынан немесе қаржының жетіспеуінен өз қуаттарын толық пайдалана алмады. Күрделі құрылыстың қысқаруы экономикаға кері әсер етті. Экономиканың тұрақтануына қаржы-ақша жүйесінің терең дағдарысы кесірін тигізді. Өнеркәсіп орындарының жартысы 1992 жылы 1991 жылғы деңгеймен салыстырғанда өндірістің құлдырауына жол берді. Халық тұтынатын тауарлар күрт азайып кетті. Оны өндіру көлемі өнеркәсіп өндірісінің бүкіл көлемінің бестен бір бөлігін ғана құрады, сөйтіп 1991 жылмен салыстырғанда 21,5%-ке кеміді. Дегенмен 1995 жылы өнеркәсіп өнімінің төмендегеніне қарамастан, оның жекелеген салаларында 1994 жылмен салыстырғанда біраз өсім байқалды. 1995 жылы республикадағы кәсіпорындарды реформалау және жеке жобалар бойынша ірі объектілерді жекешелендіру жөніндегі жұмыс қарқын алды. Бірақ осыған қарамастан өндірістің құлдырауы тоқтамады. Тек 1996 жылдың соңына қарай өнеркәсіптің құлдырауы кейбір салаларда тоқтап, кейіннен біраз өскендігі байқалды. Өндірістің құлдырауының басты себебі — Одақ бойынша бұрынғы қалыптасқан шаруашылық қатынастардың үзілуі. Қазақстанның өнеркәсіп саласында мұнай-газ өндірісі елеулі орын алып, ол жалпы өнеркәсіп өнімінің 46 пайызын қамтыды. Бұл жылдары тек газ - мұнай шығару салаларын дамытуға 9,5 млрд. доллар шетел инвестициясы тартылды. Қазір де мұнай-газ секторы мемлекеттік бюджетті қалыптастырудың негізгі көздерінің біріне айналып, республиканың жалпы ішкі өнімдерінің едәуір бөлігін қамтиды.

1999—2001 жылдар аралығында ауылда тиімді шаруашылық жүргізуге қабілетті меншік иелері қалыптаса бастады. Мемлекет ауыл шаруашылығына салықты азайтты. Ауыл шаруашылығын одан әрі дамытудың жаңа кезеңі 2002 жылдан басталды. Бұл 2005 жылға дейінгі уақытты қамтуға тиіс кезең аграрлық өндірістегі реформаны аяқтау, ауылшаруашылық жерлеріне жеке меншікті енгізу және ауылдың әлеуметтік бейнесін жаңғырту мәселелерімен сабақтастырыла қарастырылған. Үкімет 2002 жылдан бастап ауыл шаруашылығына қатысты үлкен жүйелі жұмыстарды жүргізе бастады. 2002 жылы маусымда мемлекеттік аграрлық бағдарлама қабылданды. Ол 2003—2005 жылдарды қамтыды, бұл жылдар ауылды қолдау, өркендету жылдары деп аталды. Темір жолдарды техникалық жағынан қамтамасыз ету және жүк тасу жөнінде Қазақстан ТМД елдері арасында Ресей мен Украинадан кейінгі үшінші орынды алады. Міне, осымен байланысты темір жол көлігіне талаптар жыл сайын өсіп отыр және оның басты міндеттері Президент Н.Ә.Назарбаевтың "Қазақстан — 2030” стратегиялық бағдарламасында көрініс тапқан. Бұл мәселелерді шешуде темір жол құрылымын жетілдіру ерекше орын алады. Ал 2002 жылы бұл кәсіпорын Үкіметтің қаулысымен "Қазақстан темір жолы ұлттық компаниясы” жабық акционерлік қоғамына айналдырылды. 2002 жылы Қазақстандағы темір жолдың ұзындығы 13,6 мың шақырымға жетті, оның бойындағы темір жол станцияларының саны 720 болды. Тәуелсіздік алған алғашқы жылдардан бастап жаңа темір жолдар салу және темір жол станциялары мен желілерді қайтадан жаңартуға ерекше назар аударылуда. Соның ішінде халықаралық темір жол желілерін құруға барынша көңіл бөлінуде. Халықаралық темір жол қатынасын дамытуда Достық станциясы маңызды рөл атқарады. Өйткені ол Еуропа және Азия елдерінің арасындағы экономикалық байланыстарды жүзеге асыруда үлкен орын алады.

Тәуелсіз Қазақстанның алдына қойып отырған басты мақсаттарының бірі — адамдардың жақсы тұрмысын іс жүзінде қамтамасыз ететін қоғам орнату. Осы орайда әрбір адамға кәсіпкерлік еркіндік пен мүмкіндік туғызып, жоғары әлеуметтік мәртебеге жетуін қамтамасыз ету, зейнетақыны жэне жәрдемақыны арттыру бүгінгі күннің қажеттілігінен туындап отыр. Әлеуметтік саладағы басты міндеттер: ұлттық байлықты көбейту, халықтың тұрмыс-тіршілігі жөнінен дүниежүзіндегі озық дамыған елдермен арамыздағы артта қалушылық пен алшақтықты азайту, яғни технологиялық дамудағы және тұрмыс жағдайы деңгейіндегі айырмашылықты қысқарту.

Қазақстанның әлеуметтік саласындағы басты мәселелердің бірі — зейнетақымен қамтамасыз ету. Соңғы кезде елімізде зейнеткерлердің қатары едәуір өсіп, олардың саны 2002 жылы 3 млн. адамға жетті. Үкімет зейнетақы мәселесін шешу үшін үш бағытта бірқатар жұмыс жүргізді. Бірінші — зейнетақының бұрынғы қарыздарын жабу, екінші — зейнетақыны уақытында төлеу, үшінші — зейнетақы жүйесін реформалау. Бұл үш бағытта жүргізілген іс- шаралар бірсыпыра қайтарымын беріп, 1999 жылдың зейнетақы қарызын төлеуде бірқатар шаралар іске асырылды. Әсіресе, 7-8 ай бойы зейнетақыларын ала-алмай келген ауыл түрғындарына ерекше көңіл бөлінді. Зейнетақыны одан әрі арттыру бағытында шаралар жүргізілді.

Халықтың тұрмысындағы маңызды көрсеткіш — тұрғын үймен қамтамасыз ету. Бұрын да, қазір де тұрғын үй адамдардың ең басты мұқтажы болып отыр. 90- жылдары республикада тұрғын үй салу төмендеп кетті. Тек Қазақстан экономикасының 2000 жылдан бастап ілгерілеуімен байланысты тұрғын үй құрылысы соңғы жылдары қайтадан көтерілді.

Қазақстан үкіметі кейінгі жылдары халықтың әл-ауқатын жақсарту, соның ішінде еңбекшілер мен қызметкерлердің жалақысын арттыруға назар аударуда. Экономиканың көтерілуі әлеуметтік міндеттердің үлкен кешенін шешуге мүмкіндік берді. Мемлекет халық алдындағы әлеуметтік міндеттемелерін орындап келеді. Мемлекеттік бюджет есебінен зейнеткерлерді, мүгедектерді, асыраушыларынан айырылған және басқа да санаттағы тұрғындарды әлеуметтік жағынан қамтамасыз ету жүзеге асырылуда. Халықтың денсаулығын сақтау және оның деңгейін көтеру мақсатында Президенттің жарлығымен 2002 жыл — Денсаулық жылы деп жарияланды. Денсаулық жылының аясында ауылдағы көптеген медициналық мекемелер жөндеуден өтті. Денсаулық сақтау саласының 88 нысаны жаңадан салынды. 2002 жылдың тағы бір ерекшелігі жеке Денсаулық сақтау министрлігі, Санитарлық - эпидемиологиялық бақылау және Фармация комитеті құрылды.

Экономикамыздың қарқынды өсуі мемлекеттік шығыстардың әлеуметтік бағдарлануын едәуір кеңейтуге мүмкіндік берді, мұның өзі экономикамыздың айтарлықтай бекемдік деңгейіне жеткенін айғақтайды. Қазіргі уақытта Қазақстанда жүздеген, мыңдаған жаңа кәсіпорындар пайда болды, автомобиль құрастыратын, оның ішінде жеңіл автокөліктер де құрастыратын бес кәсіпорын жұмыс істейді. Бүгінде Қазақстанда радиотехника мен компьютер де құрастырылады. Жиһаз жасау өнеркәсібі, құрылыс индустриясы және басқа салалар серпінді дамуда.

Сөйтіп, қорыта келгенде, тәуелсіздік жылдары Қазақстанда алғашқы жылдардағы кездескен көптеген қиыншылықтар мен қайшылықтарға қарамастан экономиканы дамытуда, әлеуметтік мәселелерді шешуде біршама жұмыстар атқарылды және елеулі табыстарға қол жетті. Соның нәтижесінде біздің еліміз ТМД мемлекеттерінің арасында өзінің әлеуметтік-экономикалық дамуы жағынан алдыңғы қатарға шығып отыр. Қазақстан бүгін әлемнің ең серпінді дамып келе жатқан елдерінің бірі саналады. Еліміз әлемдегі бәсекеге барынша қабілетті елу мемлекеттің қатарына ену жөніндегі міндеттерді шешуде айтарлықтай ілгері жылжыды. Біздің мемлекет тәуелсіздіктің жиырма үш жылында экономикалық, әлеуметтік қуатты реформаларды жедел де тиімді іске қосып, қай салада да ТМД елдері ішінде көшбасшы атанды.

Пайдаланылған әдебиеттер:

1.Н.Ә.Назарбаев, «Қазақстан халқына жолдауы» 06.02.2008.

2.Н.Ә.Назарбаев "Қазақстан — 2030” стратегиялық бағдарлама, 1997.

3.Шеденов О.Қ., Сағындықов Е.Н., Жүнісов Б.А., Байжомартов Ү.С., Комягин Б.И. Жалпы экономикалық теория, Ақтөбе 2004.


скачать dle 11.0фильмы бесплатно