Қазақстан – этносаралық бейбітшілік пен келісім мекені

Тангатарова Тоғжан
студентка 2 курса специальности 0111000 Основное среднее образование, учитель казахского языка и литературы
Есикский гуманитарно-экономический колледж
Научный руководитель: преподаватель казахского языка и литературы
Маханова Маралдым Оразгелдиевна

Еліміз тәуелсіздігін алып, еңселі елдің қатарына қосылған уақыттан бері мемлекетіміздің іргетасын қалап, көшін түзеуде, жарқын болашаққа жол салуда Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың еңбегі орасан зор.

Президентіміз Н.Ә. Назарбаев еліміз тәуелсіздікке қол жеткізген алғашқы жылдарынан бастап, біздің көпэтносты еліміздегі татулық пен келісімді сақтауға, дамытуға, қауіпсіздігі мен бейбітшілігін қорғауға бар күш-жігерін салып, этносаралық және конфессияаралық тұрақтылық пен ынтымақты, келісім мен тыныштықты сақтау ісіне, жіті көңіл бөліп келеді. Бүгінде Қазақстанда бейбітшілік пен өзара келісім ішінде 140 этника мен 40 конфессия сүріп сүруде. Республикамыз көпұлтты және көпдінді қоғамнан тұрады.

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев айтқандай: «Қазақстан – бұл ортақ мекен, ортақ ұлт пен діннің тоғысқан жері. Барлық қазақстандықтарды ұлтаралық және дінаралық келісімдерді сақтауға шақырамын. Бұл біздің мәңгі құндылығымыз. Бұл біздің мәңгі еліміз бен Астанамыздың мақтанышы».

Қазақстан тәуелсіздігін жариялағаннан кейін, өзін зайырлы мемлекет деп жариялады. Конституциямызда: «Қазақстан Республикасы өзін демократиялық зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде және оның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары», - деп көрсетілген. Сонымен қатар, өз азаматтарының заң жүзінде діни сеніміне, таңдауына және ұстанымына кепілдік береді.

Бүгіндегі біздің еліміздегі этносаралық , дінаралық татулық әлемнің көптеген елдеріне үлгі. Елбасымыз жүргізіп отырған көреген саясатының арқасында тәуелсіз елімізде сенімі мен көзқарасы әр алуан сан ұлт пен ұлыстың, мақсат-мүдделері ортақ, тату-тәтті, береке бірлікте өмір сүруде. Сондықтан болар, елдегі этникалық үйлесімділікті әлемнің жетекші мемлекеттері жоғары бағалап, әрі тәжірибе алар алаңға айналдырып отыр. «Бірлік бар жерде тірлік бар» деген ата-бабамыз әрқашан да елімізді ынтымаққа шақырып , «Бірліксіз ел тозады, бірлікті ел озады» дегенді де ескертеді. Сан ғасыр бойы жалғасын тауып келе жатқан қазақ халқындағы осы бір қасиетті үдерісі бүгінгі тәуелсіз Қазақстанның да басты қағидасына айналды. Қазақ халқының шаңырағының шайқалуына, жәйсіз, келеңсіз жағдайлардың орын алмауына бірден бір себеп – қазақ халқының ақылға тоқтамдығы, кең пейілділігі мен шыдамдылығында жатыр. Елімізде мекен еткен басқа да ұлт өкілдері қазақтың осы бір тамаша қасиеттерін тереңнен түйсініп, аса жоғары бағаласа керек.

Тәуелсіздігіміздің алғашқы жылдарынан бастап Елбасының бастамасымен елімізде ұлтаралық қарым-қатынастарды реттеу, үйлестіру жұмыстарымен айналысатын арнайы ұйым құрудың жолдары алдын-ала қарастырылды.

Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы кеңесші орган ретінде 1995 жылы 1 наурызда Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылды.

Қазақстан халқы Ассамблеясы – дүние жүзінде теңдесі жоқ бірегей институт, ұлтаралық және конфессияаралық қарым-қатынастарды реттеу, тұрақтылық пен ынтымақты сақтау, бірлік пен берекелі өмірді насихаттау бағытында орасан зор үлес қосып жатқан қоғамдық ұйым.

 

Қазақстан халқы Ассамблеясының мақсаты – қазақстандық патриотизмді дамыту, Қазақстан халқының азаматтық және рухани-мәдени ортақтығы негізінде қазақстандық-азаматтық бірегейлікті, бәсекеге қабілетті ұлтты қалыптастыру үрдісінде этносаралық келісімді қамтамасыз ету болып табылады.

Ассамблеяның тікелей араласуымен қазіргі кезде Қазақстанда 621-ге жуық этномәдени бірлестік қызмет жасайды.

Осынау аз ғана мерзімде Ассамблея шынайы түрде жалпыхалықтық, азаматтық, саяси мүдделерден жоғары тұратын ұйым ретінде танылды, Конституциялық мәртебеге ие болды. Бүгінгі таңда Қазақстан халқы Ассамблеясы - еліміздегі барлық ұлт пен ұлыс өкілдерін бір шаңырақ астында біріктірген қуатты құрылымға айналды. Егемен еліміз бейбітшілік пен бірліктің, тұрақтылық пен татулықтың ғажайып үлгі-өнегесін күллі әлемге паш етіп, абыройымыз асқақтай түсті. Алып дала төсінен бой көтерген ару Астанамыз бейбітшілік бесігіне айналып, әлемдік және дәстүрлі діндер өкілдерінің бір шаңырақ астында бас қосып, бәтуаласатын киелі мекеніне айналды. Айта берсек атқарылған шаралар мен жетістіктер аз емес. Осының бәрі, ең алдымен, Елбасымыздың дана саясатының жемісі, халқымыздың берекелі бірлігінің арқасы деп білеміз.

Қазақстан Біріккен ҰлттарҰйымына мүше мемлекет ретінде 1995 жылғы 16 қарашадағы ЮНЕСКО Бас конференциясы қарарымен бекітілген Төзімділік (толеранттық) қағидаттары Декларациясын қолдайтындықтан, діни төзімділік пен бейбітшілік қағидалары еліміздің саясатында басты орын алды. Сондай-ақ, елдегі түрлі конфессиялардың келісімі мен ынтымағын нығайтудың оңтайлы әдісі әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезін атап өтсек болады. Идеяның авторы – Н.Ә. Назарбаев. Әртүрлі дін өкілдерінің арасындағы келісімге бағытталған Қазақстанның саясаты мен тәжірибесі әлемдік қауымдастыққа түрлі конфессиялардың өзара сенімі мен негізінде бірлесе ғұмыр кешуінің нақтылы мүмкіндіктері барлығын және оның қажеттілігін тағы бір рет дәлелдеді. Нәтижесінде Қазақстан дінаралық үнқатысу орталығы ретінде танылды. Оған Астанада 2003, 2006, 2009, 2012 жылдары өткен Әлемдік және дәстүрлі діндер өкілдерінің съездері дәлел.

Бүгінде діни мерекелер халқымыздың дәстүрлі мерекесіне айналып, жылда республикалық деңгейде аталып өтілуде.

2006 жылдың 28 маусымындағы № 593 Қазақстан Республикасының Қаулысымен «Қазақстандық этникааралық және конфессияаралық келісім үлгісін жетілдіру бойынша» арнайы Бағдарлама қабылданған болатын. Әрине, бұл құжат елімізде ұлтаралық қарым-қатынасты нығайтуда және Қазақстан халықтары арасындағы келісім мен татулықты бекіте түсуде ұйымдастырушы, үйлестіруші басты құжат болды десе де болады.

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаев Ассамблеяның ХІV сессиясында сөйлеген сөзінде Ассамблея қызметінің басты қағидаларын айқындап берді:

- Қазақстандағы этностық, конфессиялық, мәдени және тіл ерекшеліктерін;

- этностардың мәдениеті мен тілдерін дамытуға мемлекет тарапынан жасалып жатқан жағдайлар туралы;

- қазақ ұлтының толеранттығы мен жауапкершілігін;

- қазақ этносының ынтымақтастықты нығайтудағы рөлін;

- Қазақстан халқының бірлігі екендігін, - нақты көрсеткен болатын.

Қазіргі таңда Қазақстанымыз әлемге діни бейбітшілік орнатудың бастамашысы ретінде танылған мемлекет.

Біздің этносаралық және конфессияаралық келісім үлгісі – бұл Қазақстанның жалпыәлемдік даму үдерісіне қосқан үлесі, өзара түсіністік пен сыйластық орнатудан және де ғаламдық қауіпсіздікті қолдаудан көрініп тұр.

Тәуелсіз Қазақстанның мемлекеттілігі мен саяси тұрақтылығының басты тұғыры – этносаралық бейбітшілік пен келісім болып табылады.

Елімізде түрлі ұлт өкілдері тіліне, мәдениетіне, дініне қарамастан, бір тудың астында татулықта өмір сүріп жатыр. Зайырлы мемлекет ретінде өз дінін ұстанып, өзге дінді құрметтеуге еліміздің әр азаматы мүдделі.Бүгінгі таңда Қазақстан экономика мен әлеуметтік даму тұрғысында біраз жетістіктерді еңсерген елге айналды.Шындығында, тұрақсыздық, татулық пен бірлік болмаса экономикалық өрлеу, әлеуметтік даму туралы да ешқандай сөз болуы мүмкін емес еді.

Киелі қазақ шаңырағына уық болып қадалған өзге этнос өкілдері «Қазақстан – достық пен татулықтың шынайы мекені» деген сөзді ұранға айналдырған. Ұлтаралық татулықты нығайтуға Қазақстанда тұрып жатқан әр ұлттың өкілі этносаралық достықтың, конфессияаралық түсіністіктің қаймағы бұзылмауына еңбек етіп, атсалысады.

«Ел тыныштығы – өз тыныштығым» деп ойлаудың нәтижесінде бір өзеннен су ішкен, бір жайылымда мал баққан адамдардың арасына ала жіп керілмеді.

Тұрақтылық сақталған елге қашан да бақ қонады. Біздің тәуелсіздігіміздің қазығы да осы ұлттар мен ұлыстардың бір шаңырақ астында тату-тәтті тұрып жатқандығы. Әлбетте, бұл ең алдымен , Елбасымыздың үлкен жеңістерінің бірі.

Ендігі міндет – осынау баға жетпес байлығымызды , құнды қазынамызды көздің қарашығындай сақтап, ұлтаралық татулықты дамыту. Бұл – бүкіл қоғамның алдында тұрған абыройлы міндет.

Қазақстанда қалыптасқан достықты, татулықты, құстың ұясындай жанға жайлы жылылықты сақтау, қастерлеу біздің әрқайсымыздың азаматтық парызымыз деп білеміз!


скачать dle 11.0фильмы бесплатно