Сын есімнің лексика-грамматикалық сипаты

Ильясова Гульнара Бахрамовна
Учитель казахский язык и литературы
№6 средняя школа

Сын есімнің лексика-грамматикалық сипаты

 

Тіл білімінде бүгінгі таңда сын есім, олардың заттану жолдары туралы мәселеге ғылыми тұрғыдан көп көңіл бөлініп, айтарлықтай жолға қойылды деуге болады. Бір алуан ғалымдар бұл мәселенің теориялық жағын мұқият қадағаласа, бір алуан ғалымдар сын есімнің лексика-семантикасын зерттеп, оның маңызын, қажеттілігін айтады.

Профессор С. Аманжолов сын есімдер сын-сипатын, белгісін, бейнесін, көркін, көлемін, қасиетін т.б. білдіреді де, зат есімдердің қанша, қандай сыры, белгісі барлығында ғана емес, зат есімдердің әрбір тобына лайық сынның болатындай екенін анықтайды. (1,14)

Қазақ тіл білімінде зерттеуді керек ететін көп мәселелердің бірі – сөз таптарының трансформациялау процесі. Соңғы жылдарда осы мәселе түркологияда да, қазақ тіл білімінде де арнайы тақырып етіліп, тексеріле бастады. Алайда, бұл салада түйіні шешілмеген уәж аз емес. Соның бірі – сын есімнің субстантивтену жолдары.

Профессор К. Аханов: «Сөз таптарының бір-біріне ауысу процесін түрлі тілдерден байқауға болады, субстантивтену, адъективтену, прономиалдану, адвербиалдану құбылыстары сөздердің лексикалық мағыналары мен грамматикалық мағыналарының өзгеруі нәтижесінде іске асады да, аталған құбылыстар бір сөз табының басқа сөз таптары зат есімге, адъективтену құбылысы бойынша – сын есімге, прономиналдану құбылысы бойынша – үстеуге, вербалдану құбылысы бойынша – етістікке ауысуын айтамыз. (2,10)

Мақтым Шәбжантайқызы: «Сын есім басқа сөз таптарынан өзінің семантикалық жағынан ерекшеленеді, сын есімге заттанған мағынада септік, көптік, тәуелдік жалғауы жалғанады, сөйтіп кейде зат есім мағынасында келсе, кейде үстеудің қимылдық сынын білдіреді, бірақ сол басқа заттық, үстеулік қызметті атқарып тұрса да сын есімдік қасиетін жоймайды»,- деген. (3,15)

С. М. Исаев: «Сын есім әдетте көптелмейді, тәуелденбейді, септелмейді. Егер сын есімге көптік, я тәуелдік, я септік жалғауы жалғанса, онда сын есім зат есімнің орнына жұмсалып, зат есімнің қызметін атқарады». (4,20)

Өзінің табиғатына, лексика-семантикалық ерекшеліктеріне қарағанда, сын есімнің заттың қасиетін, белгісін, сапасын білдіретіні мәлім. Сондықтан да, сын болатын сөздер зат есім болатын сөздермен тіркеседі. Сын есім мен зат есім қатар тұрғанда сөз таптарының бұл екеуі айқын ажыраталады. Тілімізде кей реттерде сын есім өзі анықтайтын зат есімсіз де қолданыла береді. Мұндайда белгілі дәрежеде заттық қасиетті білдіруге икемді болады да, зат есімдерше түрлене береді: септеледі, көптеледі, тәуелденеді т.с.с. Міне, осылайша сын есімнің зат есімге тән қасиетті өз бойына жинап, зат есімше өзгеруін сын есімнің субстантивтенуі деп атайды. Субстантивтенген сөздердің мағыналары кеңи түседі, әрі өзінің негізгі қызметін атқарып, әрі жаңа заттық мағына үстеледі. Жіптің ұзыны жақсы, сөздің қысқасы жақсы. Кішкентайдың да кішісі бар. Үйірсек үйірін табар. Сүзегенніңмүйізін қаққан-сауап. Батылжеңеді, қорқақ өледі.

Сөйтіп, ұзын, қысқа, кіші, сүзеген, батыл, қорқақ сын есімдері субстантивтеніп тұр.

Сын есім субстантивтер саладағы көрінісіне сай екі топқа бөлінеді:

1. Ізсіз субстантивтер; 2. Ізі бар субстантивтер.

Ізсіз субстантивтерсөйлеу ситуациясымен бірге туып, сол ситуациясының кетуімен бірге өтеді.

Ізі бар субстантивтерденотат сөздің потенциялық күйі ретінде адам санасында сақталуы тұрады. Сын есімдердің субстантивтенуі негізінен олардың синтаксистік қызметі арқылы жүзеге асады.

Субстантивтендіру – синтаксистік құбылыс. Сын есімдердің заттануы, зат есімдік катерогиялық сипатқа ие болуы синтаксистік ситуацияларға сүйеніп жүзеге асады.

Мысалдар:

1.Қуғыншылар да, жобасына қарағанда, жолай кездесіп қызық қуған жүргіншілер емес, әдейі сайланып шыққан аңшылар сияқты. (қызық сын есімі сөз тудыру мақсатында заттанып қолданылған).

2.Біршек қазір көгілдір мұзды айдын көлдерден, шоқ-шоқ қызылдан, үстінен қалың қар жүрген сай-жыра, қара сулардан талайынан айналып өтіп, ирелеңдей берді. (қызыл сын есіміне шығыс септіктің -дан қосымшасы жалғануы арқылы, ол заттанып тұр).

3.Кері атты ағып өтіп, басын қайта бұрғанша қалың омбы қарлы қызылдың ішіне қалай қойып кеткенін де аңғармай қалды. (қызыл деген сын есімге ілік септігінің -дың қосымшасы жалғану арқылы заттанып тұр).

4.Әнге, сөзге құмарлық жастық көңілге ынтықтық, жақсыға, сұлуға, құмартарлық – нағыз жігіттіктің белгісі... (жақсы, сұлу сөздеріне барыс септігінің -ға қосымшасы жалғану мақсатында заттанып тұр).

Сын есім-семантикалық жағынан заттың, құбылыстың түрлі сапа, белгісін, түсін, көлемін, затқа, құбылысқа, іс-әрекетке қатысын білдіретін сөздер.

Сын есімнің маңызды белгілері:

1.Заттың түр-түсін білдіреді:Еділден ұшқан екі ақ қаз, Жайықтан ұшқан жалғыз қаз, Бірі-шаңқан, бірі-боз. Қия қызыл тастардың үстінен бір ағып мұзбалақ қыран әуелеп кетті. Осы мысалдардағы ақ, боз, шаңқан, қызыл сын есімдерді затың түр-түсін білдіріп тұр.

2.Заттың көлемдік, аумақтық, салмақтық белгісін, сынын білдіреді: Абай мол, ауырденесімен сыртына қарай бұрылды. Осы сөйлемдегі мол, ауыр сын есімдері көлемдік, салмақтық белгісін білдіріп тұр.

3.Заттың сапалық белгі, сипатын білдіреді: Үлбіреген ақетті, ашық жүзді, тісі әдемі көріп пе ең қыздың жайын!?. Бұл мысалдағы әдемі, ашық сын есімдері заттың сапалық белгілерін анықтайды.

4.Заттың дәмі, исі және басқа сипаттарына байланысты белгілері: Қалың құмның арасынан самарқауланып аққан... Желдің жұмсақлебі шипа тәрізді тиеді.

5.Затқа, қимыл іс-әрекетке, мезгіл-мекенге қатысты сынды білдіреді: Өрлетіп өрге нұрлыөмір, Жайнатты елдің райын.

Семантикалық жағынан сын есімдер екі топқа бөлінеді: сапалық сын есім және қатыстық сын есім.

Сапалық сын есімдер семантикалық жағынан заттың әр алуан сын-сипатын, сапалық белгілерін, түр-түсін білдіреді, шырай тұлғаларымен түрлене алады. Сапалық сын есімдердің морфологиялық сипаты – шырай тұлғаларымен түрлене алуы. Мүсірәлі момындау, ауқаты шағындау адам.

Қатыстық сын есімдер көбіне көп әр түрлі жұрнақтар арқылы басқа сөз таптарынан жасалатын туынды сөздер болады да, сол затқа, қимыл, іс-әрекет, құбылысқа т.б. қатысын білдіреді. Мысалы: Желсіз түнде жарық ай, сәулесі суда дірілдеп. Бұл мысалды желсіз сөзі тынық түн мәнін білдіреді.

Сын есімнің сөйлемдегі қызметі.

Қазіргі қазақ тілінде сын есімдер сөйлемнің барлық мүшелері бола алады. Сын есімдер семантикалық жағынан заттың әр түрлі сынын, сапа, белгісін білдіретін болғандықтан, сөйлемде негізінен анықтауыш мүше қызметін атқарады. Сұр бұлт түсі суық қаптайды аспан.

Сын есім ілік септікте тұрып, заттанып келіп те матаса байланысқан анықтауыш болады. Өткірдің жүзі, кестенің бізі.

Сын есім табыс, барыс, жатыс, шығыс, көмектес септіктерінде келіп заттанып,толықтауыш қызметін атқарады. Білімдіден шыққан сөз, талаптыға болсын кез. (Абай).

Сын есім сөйлемде етістіктің алдында тұрып, қимыл, іс-әрекеттің сынып білдіріп, пысықтауыш болады. Бетті бастым, қатты састым.

Заттанған сын есім атау септігінде тұрып қолданылса, ол бастауыш қызметін атқарады. Мысалы Баланың жақсысы – қызық, жаманы күйік.

Сын есім жіктік тұлғада тұрып сөйлемнің баянадауышыда болады. Бақтығұл өзі де кесек, балуан денелі, иықты. (Әуезов).

 

Қорытындылай келе, жоғарыда айтып кеткенімдей, есімдер деп аталатын сөздердің ішінде зат есімнен кейінгі есесі де, еншісі де мол сөз табы – сын есім болып келеді.

Сын есімнің қыр-сыры әлі толық зерттеліп біткен жоқ. Сол себептен тіл білімінде бүгінгі таңда сын есім, олардың зттану жолдары туралы мәселеге ғылыми тұрғыдан көп көңіл бөлініп, айтарлықтай жолға қойылды деуге болады. Көптеген ғалымдар сын есімнің лексика-грамматикасын зерттеп, оның маңызын, қажеттілігін айтуда.

К. Аханов, М. Томанов, Ә. Ысқақов, Т. Қастаев, Қ. Бертілеуов, С. Аманжолов сияқты т.б. көптеген ғалымдар сын есімнің басқа сөз таптарынан ерекшелігінің зерттелуіне елеулі үлес қосты.

Осы жұмысымды қорытындылай келе, сын есімнің әлі толық жігі ашылмағандығы туралы айтқым келеді. Көптеген филолог мамандары әлі сырын ашуда.

Тілді, оның негізгі құрылымы саналған грамматиканы тарихи терең тексеру үшін, ондағы грамматикалық элементтер айқын сараланып, жіктелуі қажет. Сын есімнің тарихи сипаты мен лексика-грамматикалық құрылысының сарапталуы осы мәселелерден бастау алып отыр.

Себебі, семантикалық жағынан зат есім әр алуан заттық ұғымдарды білдіретін сөздердің лексика-грамматикалық тобы болса, сын есім неше алуан сыр-сипатпен байланысты ұғымдарды білдіретін сөздердің лексика-грамматикалық тобы ретінде бөлінетіндігін ұмытпағанымыз абзал болар еді.

ПАЙДАЛАНҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ:

1.Аманжолов С. «Қазақ тілі теориясының негіздері». Алматы, «Санат» 1991.

2.Аханов К. «Грамматика теориясының негіздері».

3.Шәбжентайқызы М. «Ана тілім азығым – адастырмас қазығым».

4.Исаев С. «Қазіргі қазақ тіліндегі негізгі грамматикалық ұғымдар». Алматы, «Ана тілі» 1992.

скачать dle 11.0фильмы бесплатно