Қазақтың ырымдары мен тиым сөздері

Даумова Марьям Ншанкуловна
оқытушы
Үшқоңыр су шаруашылығы колледжі

Мақсаты: Тыйым сөздер мен ырымдардың мән-мағынасын түсіндіре отырып, жас ұрпақтың бойында ұлтық сезімді ояту, ұлттық рухты сіңіру, халықтық салт-дәстүрлерді құрметтеу арқылы, олардың ұлттық дүниетанымын қалыптастыру.

Көрнекілігі: Қазақ халқының тұрмысы мен мәдениеті, қазақы тыйымдар мен ырымдар туралы кітаптар мен басылымдар көрмесі. Ырымдар мен тыйым сөздер қолданылған қазақ фильмдерінен үзінділер.

Сабақ барысы:

І. Ұйымдастыру кезеңі

ІІ. Тәрбие сағатының мақсаты мен таныстыру

ІІІ. Оқытушының кіріспе түсіндірме сөзі.

Қазақ халқының ұлттық тәрбие құралдарының бірі – тыйым сөздер мен ырымдар. Тыйымдар мен ырымдар жас ұрпақты жаман әдеттен, арам пиғылдан, орынсыз, ерсі қылықтардан, теріс мінездерден сақтандырып отырған. Қазақ халқы адам тұрмысында кездесетін барлық бағытта, тыйымдар мен ырымдарды ұрпақ тәрбиесінде қолданып келген және бұл үлкен маңызға ие болып ,бүгінгі күні де күшін жойған жоқ. Осы тыйымдар мен ырымдарды ұрпақ тәрбиесінде қолдана отырып, біз өскелең ұрпақты ұлтымызға, дінімізге жат әдеттен сақтаймыз.Оларды әдептілікке, үлкенді сыйлай білуге, кішіпейілділікке тәрбиелейміз.

ІV.Ырым- тыйымдардың мағынасын білім алушылармен талқылау.

Құран оқығанда күлуге болмайды.

Құран адамға имандылық тәрбие бере отырып, бұл дүниеге қанағатпен қарауға, төзімділікке, пайымдылыққа, мейірімділікке тәрбиелейді. Дүниеден өткен адамдарды еске алып құран оқығанда күлу, сөйлеу, жалаңбас отыру - әдепсіздік.

Аманатқа қиянат жасама.

Сондай-ақ, мұсылман баласына тән қасиеттер – уәдеде тұру, қарызын уақытылы қайтару, аманатқа қиянат етпеу. Бұл да біздің өмір салтымызда айрықша орны бар қасиеттер.Бұл біреуге сөз берсең міндетті түрде орындау керек деген сөз. Аманатқа адалдық – адамның биік парасат иесі екендігін көрсетеді.

 

Қыз бала шашын жайып жүрмейді.

Ата - баба салтында тек жақыны қайтыс болған әйел ғана шашын жайған. Бүгінгі таңдағы қыз балалардың шаштарын жалбыратып жайып жүргені әдептілік емес. Жиналған, өрілген шаш адамды ұқыпты көрсетеді, әрі жұмысқа да, оқуға да ыңғайлы.

Қыз бала тамақ дайындағанда басына міндетті түрде орамал байлауы қажет. Өйткені тамаққа шаш түсіп кетуі мүмкін.

Ашық-шашық киінбе.

Қазіргі таңда қыздарға ішін ашып жүру сәнге айналған. Бұл өте жағымсыз әдет, әрі қыздардың денсаулығына да зиян. Бүйрек аурулары, гинекологиялық аурулар пайда болуы әбден мүмкін.

Қызға қырық үйден тыю.

Қыз бала орынсыз күліп, орынсыз сөйлеп, бейуақытта қыдырмағаны абзал. Өйткені қыз балалар – болашақ аналар.

Нанды бір қолыңмен үзбе.

Себебі, нанды бір қолмен екінші қолы жоқ мүгедектер солай үзеді.

Нанды аяқ астына тастама.

Жерде жатқан нанды көтеріп жоғарыға қой, құстар жейді. Нан өте киелі, қолың жетпеген жердегі нанды құран кітап қойып алуға болады, ал нанды аяқ астына қойып құран кітапты алуға болмайды.

Тамақты сораптап ішпе.

Ол сенің жаныңда отырған адамдардың тәбетін байлауы мүмкін және ол тыныс алу жолына кетіп қалуы мүмкін.

Пышақтың жүзін жалама.

Тіліңді кесіп немесе ауыз қуысын жарақаттап алуың мүмкін.

Пышақты шалқасынан қойма.

Қолыңды немесе басқа мүшеңді кесіп кетіп зақымдануы мүмкін.Осы сияқты әр-түрлі қауіптерден,ден саулығыңа зиян келтіруі мүмкін іс-әрекеттерден сақтайтын,жауапкершілікке, әдептілікке баулитын тыйымдар мен ырымдар өте көп.

Қорытынды:

Тыйым – халықтың тәлім - тәрбие, үлгі - өнеге, ақыл - кеңес берудегі тәрбие құралдарының бірі. Жас ұрпақты жаман әдеттен, жаман пиғыл, ерсі қылық, әдепсіз істерден сақтандыруда тәрбиелік мәні зор. Үлкен кісілер жат қылық көрсетіп қалған жастарға: «Олай істеме, жаман болады» деп жатады.Әрбір тыйымның, ырымның өмірден алынған тәрбиелік мағынасы бар, тәлім - тәрбиелік мазмұны жағынан бүгінгі заман талабына сай және бала тәрбиесінде атқаратын ролі зор. Біздің ата - бабаларымыздың даналығы соншалықты – қанша ғасырдан бері тыйым сөздердің мәні өзгермей, қасиеті кетпей бүгінгі заман жастарына беретін өнегесі көп. Ғұлама ғалым Әл - Фараби айтқан «Адамға бірінші білім емес тәрбие берілуі керек, тәрбиесіз берілген білім адамзаттың қас жауы» деген сөздеріне қазақтың тыйым сөздері толық мысал бола алады. Тәрбиенің арқауы-әдептілік дегендей, адамдық тәрбиенің алтын арқауы да, халық педагогикасының қайнар бастауы да - әдептілік. Ұл-қызына көрсетер инабатты үлгісі жоқ, әдебі жоқ халық болмайды. Әдептілікке бас имеген, әдептіліктен нәр алмаған, салт-дәстүрді, әдет-ғұрыпты құрметтемеген адам өз ұрпағына не бере алады?

Сондықтан да құрметті білім алушылар, ата-бабамыздың бізге қалдырған мұрасын құрметтеп, оған терең үңіліп, мағынасын ұғайық. Салт-дәстүрімізді сыйлайық. Қазақ халқы салт-дәстүрлер мен әдет-ғұрыптарға бай халық, әрбір тыйым мен ырымның біздің өмірімізде, тәрбиемізде алатын орны ерекше, сол себепті де әдептен озбайық, өнегелі болайық.

скачать dle 11.0фильмы бесплатно