Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес «Неке шарты»

Әбілдиной Ақбөпе Сағындыққызы
Преподаватель
Колледж экономики, бизнеса и права КЭУК

Сабақтың мақсаттары:

1.Білімділік: Кейс әдісі арқылы студенттердің білім деңгейін көтеру, алған білімдерін толықтыру, отбасын құруға саналы сезімін қалыптастыру. «Неке шартын» құрудағы заңды талаптарын талқылау. Студенттерді «ересектер мәселесін» талдауға қатыстыру. Неке және отбасы қатынастарын реттейтін заңдарға сипаттама беру.Студенттердің білімін тексеру.

2.Дамытушылық: Студенттердің ойлау және сөйлеу қабілетін дамыту. Өздік жұмысын істеуге дағдыландыру. Нотариалдық әрекеттерді Қазақстан Республикасының заңына сәйкес жүргізуді үйрету.

3.Тәрбиелік: Студенттерді отбасы қатынасына байланысты жеке жауапкершілік сезіміне тәрбиелеу. Келешекте заңгер ретінде көрсететін қызмет түрлерінің орындалу әдіс-тәсілдерін жетілдіре білу, кәсіби білімділікке бейімдеу.

Сабақтың түрі: Тәжірибелік сабақ

Сабақта қолданылатын әдіс: кейс-әдісі: жағдайларды талдау.

Пән аралық байланысы:

1.ҚР Конституциялық құқығы.

Тақырып: «Адам және азамат»

2.ҚР азаматтық құқығы.

Тақырып: «Ерлі-зайыптылардың ортақ меншігі», «Мәміле».

3. ҚР азаматтық іс-жүргізу құқығы.

Тақырып: «Нотариаттық іс-әрекеттерге немесе оларды жасаудан бас тартуға жасалатын шағымдар».

Сабақтың көрнекілігі: оқытушының жұмыс орнындағы компьютер, медиапроектор, экран, Power Point программасында оқытушымен сабаққа жасалған авторлық слайд-шоу.Бейнеролик.

Сабақтың барысы:

1. Ұйымдастыру кезеңі (Студенттерді түгендеу. Студенттердің назарын сабаққа аудару) (2 минут)

2. Үй тапсырмасын тексеру: Өткен тақырып бойынша материалдарды қайталау. Шетелде іс-әрекет етуге арналған құжаттарды рәсімдеу ережесін жазып келу.

( 5 минут)

3. Сабақтың тақырыбын, мақсатын хабарлау және кейс әдісін қолдану бойынша нұсқаулық жүргізу (3 минут)

4. Іскерлік ойын (60 минут)

5. Сабақты бекіту (4 минут)

6. Сабақ қорытындысы (3 минут)

7. Үй жұмысын түсіндіру(3 минут)

 

1. Ұйымдастыру кезеңі (Студенттермен сәлемдесу, түгендеу. Оқушылардың назарын сабаққа аудару). (2 минут)

2. Үй тапсырмасын тексеру (5 минут):

1. Мәмілелерді куәландырудың жалпы ережелері?

Жауабы: Нотариус заңдармен міндетті нотариаттық куәландыру белгіленген мәмілелерді куәландырады. Нотариус пен нотариаттық іс-әрекет жасаушы лауазымды адамдар тараптарға, олар табыс еткен мәміле жобасының мазмұны мен мағынасын түсіндіруге жіне оның мазмұны тараптардың шың ниеттеріне сәйкес келетінін және заң талаптарына қайшы келмейтінін тексеруге міндетті.

2.Нотариаттық іс-әрекеттерді жасауды өтінген адамның жеке басын анықтау қалай жүргізіледі?

Жауабы: Нотариус немесе лауазымды адам нотариаттық іс-әрекеттер жасаған кезде нотариаттық іс-әрекеттер жасауды өтінген азаматтың, оның өкілінің немесе заңды тұлға өкілінің жеке басын анықтайды. Адамның жеке басын анықтау нотариаттық іс-әрекеттер жасауды өтінген азаматтың жеке куәлігі мен паспорты негізінде жүргізіледі.

3. Шетелде іс-әрекет етуге арналған құжаттарды рәсімдеу ережесі?

Жауабы:Шетелде іс-әрекет етуге арналған құжаттарға қол қойған кезде нотариаттық іс-әрекет жасау үшін келген тұлға құжатта тегін, атын, әкесінің аты оның жеке басын куәландыратын құжатында көрсетілген кезектілікпен жазады.

Куәландыратын жазбаны толтырған кезде:

• жекеше немесе мемлекеттік нотариустың тегі, аты, әкесінің аты;

• мемлекеттік нотариаттық кеңсесінің атауы;

• лицензияның нөмірі, берген күні мөрдің бедеріне сәйкес толығымен көрсетіледі.

Нотариаттық іс-әрекеттің жасалынған күні сөздермен жазылады.

Құжатқа қол қойған тұлғаның тегі, аты, әкесінің аты оның жеке басын куәландыратын құжатындағы кезектілікпен көрсетіледі.

Мөр бос орынға куәландыратын мәтіннің астынан, мәтінге және жекеше және мемлекеттік нотариустың қолтаңбасына жеткізбей қойылады.

Куәландыру жазбасының мәтіні (оның ішінде нотариаттық іс-әрекеттерді тіркеу тізілімінің нөмірі, өндіріп алынған сома немесе нотариусқа нотариаттық іс-әрекет жасағаны үшін төленген сома) техникалық құралдармен басып шығарылады.

Құжаттар бүктелмейді, аяғына дейін толтырылмаған жолдары, бос орындары сызылмайды, бекіту мөртабанын қоюға жол берілмейді.

Құжаттар жіппен немесе қызыл немесе ақ түсті жолақпен үш жерден тесіліп тігіледі.

 

3. Сабақтың тақырыбын, мақсатын хабарлау және кейс әдісін қолдану бойынша нұсқаулық жүргізу (3 минут):

Оқытушының сөзі:Құрметті студенттер! Бүгінгі сабақтың тақырыбы: Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес «Неке шарты».

«Үйлену оңай, үй болу қиын». «Үй болу қиындығының» салдары кейде ажырасуға алып барады, ал ажырасудың ақыры әдетте үйді, мүлікті бөлуге, бірге жүріп жиған-тергенді бөлісуге соқтырады. Ал заңды құжат болмаса, ажырасудың ақырында «Алтын балық» ертегісіндегідей шұрық тесік астауыңызды құшақтап қалуыңыз ғажап емес. Жоо-оқ, бұл «Ажырасуға алдын ала дайындал» деген сөз емес, керісінше «Ажыраспа, бірақ сонда да құжаттарың сақадай-сай болсын!» деген сөз.

Ажырасу демекші, ата-баба заманында «сүйекке таңба» болған бұл жайтқа қазіргі азаматтық қоғам мүшелері «екінің бірі ажырасып жатыр ғой» деп асқан жайбарақаттықпен қарайды. Ресми деректерге қарасақ, былтыр облыс бойынша екі мыңға жуық шаңырақ шайқалыпты. Ал республика бойынша жылына некесін қидыратын 130 мың отбасының 35 мыңы ажырасып тынады екен. Яғни, жыл сайын елімізде 35 мың шаңырақтың уық-керегесі сөгіліп, түндігі теріс айналады деген сөз. Соңында жолы екіге айырылған ерлі-зайыптыға ортақ болған уық кімге тиесілі? Кереге кімге тиесілі? Шаңырақ ше? Бұл сұрақтардың жауабын не сот, не неке шарты анықтайды.

Алдыңғы теориялық сабақтарда алған білімдеріңізді тәжірибеде қолдануды үйренеміз. Яғни, неке шартын дұрыс нотариалды куәландыруды көрсетеміз.

Сабақтың мақсаты: Кейс әдісі арқылы студенттердің білім деңгейін көтеру, алған білімдерін толықтыру, отбасын құруға саналы сезімін қалыптастыру. Нотариалдық әрекеттерді Қазақстан Республикасының заңына сәйкес жүргізуді үйрету.

Іскерлік ойын (60 минут)

Тәжірибелік сабақта жасалатын әрекеттер:

• топқа бөлу

•тірек білімдерін көкейкестендіру (бейнеролик көрсету және ашық тест тапсырмаларын орындау).

•Студенттердің ҚР Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы кодексіндегі ерлі- зайыптылардың мүліктік құқықтарына қатысты мәтінмен жұмыс істеу

•жағдайлы есептерді екі топқа бөлініп шешу, көрініс көрсету

ҚР Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы кодексін және «Неке шарты» үлгілерін пайдаланып, неке шартын құрастыру.

1-кезеңіміз (6 минут). Іскерлік ойынның алғашқы бөлімі - тірек білімдерін көкейкестендіру (бейнеролик көрсету және ашық тест тапсырмаларын орындау).

1.Некелік шарт деп – некеге тұратын адамдардың немесе ерлі – зайыптылардың некеде тұрғандағы немесе оны бұзған жағдайдағы _______ құқықтары мен міндеттерін айқындайтын келісімдері танылады.( мүліктік)

2.Некелік шарт міндетті түрде жазбаша жасалуы және _______куәландырылуы қажет. (нотариуспен)

3.Некелік шартты некеге отыратын адамдардың тікелей өздері, сондай – ақ ________ толтыруы мүмкін . (нотариус)

4.Некелік шартты нотариалды куәландыру үшін жеке меншік нотариусқа немесе ________нотариусқа жүгіну керек. (мемлекеттік)

5.Некелік шартты некені тіркегенге дейін, сондай – ақ некеде тұрған кез-келген уақытта жасасуға ______. ( болады)

6.Некелік шарттың субъектілері не ерлі – зайыптылар, не некеге енді тұруға әзірленіп жатқан күйеу жігіт пен қалындық болуы _______. (мүмкін)

7.Неке шартында көзделген құқықтар мен міндеттер белгілі бір мерзімдермен шектелуі не белгілі бір жағдайлардың туындауына немесе _______ қарай қойылуы мүмкін. (туындамауына)

8.Азаматтық некеде тұратын адамдар некелік шарт жасаса ________ .( алмайды)

9.Некеге тұратын кәмелетке толмағандар (18 жасқа дейінгі адамдар) _______немесе қамқоршыларының келісімімен ғана некелік шарт жасаса алады. (ата – аналарының)

10.Неке шартында некеде (ерлі-зайыптылықтан) туған немесе асырап алынған балалардың _____ құқықтары көзделуі мүмкін. (мүліктік)

 

2 – кезеңіміз ( 10 минут). Студенттердің ҚР Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы кодексіндегі ерлі-зайыптылардың мүліктік құқықтарына қатысты мәтінмен жұмыс істеу.

1 топ- ҚР Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы кодексіндегі 32-38 баптар (ерлі-зайыптылар мүлкінің заңдық режимі)

2 топ- ҚР Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы кодексіндегі 39-43 баптар (ерлі-зайыптылар мүлкінің шарттық режимі)

1 топ тапсырмасы

Ерлі-зайыптылар мүлкінің заңды режиміне қатысты тапсырма

Мыналардың қайсысы ерлі-зайыптылар мүлкінің заңды режиміне жатады:

1.Ерінің жалақысы.

2.Зайыбының жалақысы.

3.Некеде тұрған кезінде сыйға алынған ерінің үйі.

4.Ерінің ұтқан лоторей ұтысы (некеде тұрған кездегі) .

5.Зайыбының тұрмысқа шықпай тұрып, сатып алған автокөлігі.

6.Неке қиғаннан кейін ашылған депозит бойынша ерінің банктегі пайыздары.

7.Неке қиғанға дейін ашылған депозит бойынша зайыбының банктегі пайыздары.

8.Зайыбының жұмысынан берілген материалдық жәрдем ақысы (некеде тұрған кездегі).

9.Еріне автокөлік апатына ұшырағаны үшін төленген сақтандыру төлем ақысы (некеге тұрған кездегі) .

10.Некеде тұрған кезінде ерінің сатып алған акциялары.

11.Ерінің үйленгенге дейін жазып, басылымға жіберілген кітабы үшін қаламақысы.

 

2 топ тапсырмасы

Ерлі-зайыптылар мүлкінің шарттық режиміне қатысты тапсырма

Мыналардың қайсысы ерлі-зайыптылар мүлкінің шарттық режиміне жатады:

 

1.Зайыбының он жасқа толмаған балаларымен араласуына құқығы жоқ.

2.Ері балаларының тәрбиесімен айналысуға міндетті емес.

3.Зайыбы мүгедек болып қалған жағдайда, ері оның күтіп-ұстау ауыртпалығын өз мойнына алады.

4.Зайыбы ері таңдап берген жұмысқа ғана тұра алады.

5.Ажырасу жағдайында автокөлік-зайыбының меншігіне, ал тұрғын үй-ерінің меншігіне ауысады.

6.Үйлену тойына дейін қай туыспен араласатынын және қай туыспен араласпайтынын шешіп алу.

7.Туыстардың отбасы мәселелеріне араласуына жол бермеу.

8.Демалысқа қаражатты жыл бойы ерлі-зайыптылар жинау керек.

9.Ақшаны достарынан және туыстарынан қарызға алуға жол бермеу.

10.Үлкен шығындар екі жақты талқыланады.

11.Үй шаруашылығымен әйел адам айналысады, сондықтан қаражатты өзі реттейді.

 

Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес  «Неке шарты»

 

3 – кезеңіміз ( 30 минут).
Жағдайлы есептерді екі топқа бөлініп шешу, көрініс көрсету (Әр топқа екі жағдайлы есептен таратып беру, топтар көрініс көрсете отырып,сол жағдайлы есептердің дұрыс шешімін табады. Студенттер бір-бірлерінің жіберілген қателіктерін тауып, дұрыс жауабын айтады).

 

І-топ тапсырмасы

№1 есеп.

Нотариусқа күйеу жігіт Сыздықов А.С. пен қалындық Болатова А. Б. өздері құрастырған неке шартын куәландыру үшін жүгінді. Өздерінің некелік қатынастарын 2013 жылдың 9 желтоқсанында Қарағанды қаласының АХАЖ органдарында тіркейтіні туралы айтты.

1.Сыздықов Арман Сембекұлының жеке меншігі: Қарағанды қаласы, Мұқанов көшесі, 16 үйде орналасқан екі бөлмелі № 186 пәтер болып табылады.

2.Болатова Айнагүл Берікқызының жеке меншігі: мемлекеттік тіркеу номері M 754 HFM, шассиі Н.У., шанақ WDB2100631A525132, қозғалтқышы 2031166, 1997 жылы шығарылған Mercedes Benz маркалы автокөлік болып табылады.

3.Сыздықов Арман Сембекұлы өзінің екі бөлмелі пәтеріне Болатова Айнагүл Берікқызымен бірге тұру үшін, бүкіл пәтерді бірлесіп пайдалану құқығымен, тұрғын жайды иелену құқығынсыз кіргізетінің айтты. Пәтер иесімен некелік қатынастар тоқтатылған жағдайда пәтерді пайдалану құқығы тоқтатылады.

4. Неке тіркелгеннен кейін бірге тұрған кездерінді сатып алған барлық мүлік, сондай-ақ үйлену тойларына сыйға тартылған мүлік пен ақша қаражаттарыортақ меншік болып табылады.

5.Некеде тұрған кезде олардың біреуі сыйға немесе мұрагерлік ретпен алған мүлік, некеде тұрған уақытта жұбайлардың ортақ мүлкінің есебінен немесе біреуінің жеке үлесі (мүлкі) есебінен бұл мүліктің кұнын едәуір көтеретіндей салым салынғанына (күрделі жөндеу, қайта құру, қайта жабдықтау және т.с.с.) қарамастан, әрқайсыларының өз меншігі болып табылады.

6.Сонымен қатар, Сыздықов А.С. неке шартына талап қосуды ұсынды, онда егер неке шарты заңды күшіне енген күннен бастап бес жыл ішінде әйелі ұл бала тапса, онда Сыздықов А.С. әйеліне өз қаражатынан күзен тонын сыйлайтынын айтты.

 

Сыздықов А.С. пен Болатова А.Б. неке шартына жазғалы отырған талаптары дұрыс па? Нотариус қандай түсініктеме беруі қажет?

№ 2 есеп.

Нотариусқа ерлі-зайыптылар Омаров Тілек Мирасұлы мен Исаева Гүлбану Асланқызы неке шартын куәландыру үшін жүгінді. Шарт талаптарына сәйкес некеде тұрған кезде ерлі-зайыптылардың жинаған мүліктері,ажырасқан кезде ерінің меншігіне ауысуы керек. Себебі, әйелі тұрмыс құрғаннан кейін үй шаруашылығымен айналысып , табыс табатындай жұмыс істеген емес, яғни ешқандай жеке табысы жоқ. Бірақ, егер де әйелі «неке шартын» жасасқан соң, жұмысқа шығып, табыс тапса және өзінің некеге дейінгі тегіне ерінің тегін қосып жазуға тілек білдірсе,онда ерлі зайыптылардың ортақ меншіктегі мүлкі тең бөлінеді.

Нотариус қандай түсініктеме беруі қажет?ҚР заңнамасы бойынша қос текке жол беріледі ме?

ІІ-топ тапсырмасы

№ 1 есеп.

Нотариусқа некелерін заңды түрде тіркемеген,бірақ алдын-ала «неке шартының» жобасын құрастырып қойған Ибраев Мұрат Жанболатұлы мен Кәрімова Ляззат Мыңбайқызы келді. Шарттың мәтінінен мынадай жағдай анықталды:

1.Ерлі-зайыптылар жинаған және сатып алған барлық жылжымалы, жылжымайтын мүлік ерлі-зайыптылардың қайсысының атына сатып алынған болса,соның жеке меншіг іболып табылады.

2.Жеке кәсіпкерлікпен айналысатын Кәрімова Л.М. кәсіпкерліктен түскен пайданы өз бетінше жұмсайды.

3.«Неке шартында» араласатын және араласпайтын туыстардың тізімін белгілеп, жазамыз.

4.Егер біреуіміз еңбекке жарамсыз болған жағдайында, бiрiмiздi-бiрiмiз материалдық қолдауға мiндетті емеспіз.

5.Балаларымыздың туған жағдайында өзiмiздiң балаларымызды тәрбиелеу жөнiнде тең құқықтар мен мiндеттерiмiз болады.

6.Некенi бұзған жағдайында, балалардан бөлек тұратын ерлi-зайыптылардың бiрi, оларды тәрбиелеуге қатысуға мiндеттi емес, олармен қарым-қатынас жасауға құқылы емес.

Ибраев М.Ж. пен Кәрімова Л.М. «неке шартына» жазғалы отырған талаптары дұрыс па? Нотариус қандай түсініктеме беруі қажет?

№ 2 есеп.

Нотариусқа ерлі-зайыптылар Бейсеновтер өздері құрастырған неке шартын куәландыру үшін жүгінді. Шарттың мәтінінен мынадай жағдай анықталды: Бейсеновтер некелерін бұзып, жиған-терген мүліктеріне құқықтық режим орнатпақшы.

Неке кезінде жиған-тергендері:

1)Ортақ бірлескен меншікке екі бөлмелі пәтер сатылып алынған;

2)Ерлі-зайыптылардың киім-кешектері, аяқ киімдері;

3)Екі жақ ортақ бірлескен меншік деп тануға шешкен, еріне мұрадан қалған автокөлік «Ауди А6».

4)Ерлі-зайыптылармен жөндеу жұмыстары жасалған,зайыбына ата-анасы сыйға тартқан гараж.

5)Зайыбының күзен тоны мен алтын әшекей бұйымдары.

6)Ортақ кәмелеттік жасқа толмаған баласының музыкалық аспаптары.

«Неке шарты» бойынша зайыбының меншігіне екі бөлмелі пәтер және күзен тоны мен алтын әшекей бұйымдары, ал қалған мүлік ерінің меншігіне ауысады. Баланың музыкалық аспаптарын ерлі-зайыптылыр өзара бөлісіп алады.

Нотариус мұндай шартты куәландырудан бас тартты.

Нотариустың іс-әрекеті заңды ма?

Мүліктін құның едәуір арттырған салынымға түсінік беру

4 – кезеңіміз ( 14 минут). ҚРНеке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы кодексін және «Неке шарты» үлгілерін пайдаланып, неке шартын құрастыру.

 

НЕКЕ ШАРТЫ

___________ қаласы

«__» _____ ____ ж.

Біз, __ жылы _____ қаласында туылған, _____ қаласы, _______ көшесі, ___ үйдің ____ пәтерде тұратын _______________,бір тараптан және _____ жылы _________қаласында туылған, ________ қаласы, __________ көшесі, ___ үйде тұратын ______________, екінші тараптан, өзара сүйіспеншілік сезімі мен сыйластыққа, материалдық есеп мүдделерінен бос, ерікті неке одағына негізделген некеге отыруымызға байланысты, мүліктік қатынастарымызды реттеу мақсатында және ҚР Неке (ерлі-зайыптылық)және отбасы туралы кодексінің __-бабына сәйкес, осы неке шартын жасадық:

1. Біз, __________ және _____________, өзіміздің некелік қатынастарымызды __________ жылдың ___ қаласының _________________ тіркейміз.

2. ____________ жеке меншігі: __________ қаласы, _________ көшесі, ___ үйде орналасқан _____ бөлмелі № _____ пәтер болып табылады.

3. _______________ жеке меншігі: ________________________________________________________________________________________________________________________________________________ .

4. Мен, ________________, ________ қаласы, _____ көшесі, ___үйде орналасқан өзімнің бөлмелі №____ пәтеріме _________________ бірге тұру үшін, бүкіл пәтерді бірлесіп пайдалану құқығымен, тұрғын жайды иелену құқығынсыз кіргіземін. Пәтер иесімен некелік қатынастар тоқтатылған жағдайда пәтерді пайдалану құқығы тоқтатылады.

5. Неке тіркелгеннен кейін бірге тұрған өмірімізде біз сатып алған барлық мүлік, сондай-ақ біздің тойымызға сыйға тартылған мүлік пен ақша қаражаттары, құрылған мемлекеттік емес кәсіпорындарда біз бірлесіп немесе әрқайсымыз жеке алған өндірістік және ақшалай капитал бірлескен ортақ меншік болып табылады.

6. Некеде тұрған кезде біздің біреуіміз сыйға немесе мұрагерлік ретпен алған мүлік, некеде тұрған уақытта жұбайлардың ортақ мүлкінің есебінен немесе біреуінің жеке үлесі (мүлкі) есебінен бұл мүліктің кұнын едәуір көтеретіндей салым салынғанына (күрделі жөндеу, қайта құру, қайта жабдықтау және т.с.с.) қарамастан, әрқайсымыздың өз меншігіміз болып табылады.

7. Неке бұзылған жағдайда, меншік құқығымен тиесілі мүлік әр жұбайдың өзінде қалады.

8. ҚР Неке (ерлі-зайыптылық)және отбасы туралы кодексінің ____-баптарының мазмұнын нотариус тараптарға түсіндірді.

9. Осы шарттың бір данасы жеке нотариус ______________ іс қағаздарында сақталады, бір-бір данадан тараптарға беріледі.

10. ______________________ және _______________________ арасында неке тіркелу сәтінен бастап осы шарт күшіне енеді.

11. Осы шартты жасау шығындарын тараптар тең бөліп төлейді.

Құжат мәтінін тараптар қол қойғанға дейін оқып, танысты.

 

Қолдары:

1._________________________________________________________

2._________________________________________________________

 

_____жылдың _______ осы келісімді мен, _____________, Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің 10.08.2000 жылғы № 0000000 мемлекеттік лицензиясы негізінде қызмет етуші, ________ қаласының нотариусы, куәландырдым. Тараптар менің көзімше өздері қол қойды. Қол қоюшылардың жеке бастары анықталды, әрекет қабілеттіліктері тексерілді.

 

№ ________________ тізілімде тіркелді

Нотариусқа____________ теңге төленді

Нотариус _________________________

 

 

 

Сабақты бекіту (4 минут): Ересек адамдардың өмірі ерекше қайталанбас, өте күрделі болады. Біздің замаңымызда материалдық құндылықтар бірінші орында тұрады. Ал негізгі мейірімділік, әріптестік, жауапкершілік, шығармашылық деген құңдылықтар деңгейі төмендеп кетті. Отбасы мұндай қағида бойынша ұзаққа созылмайды. Заңды білудің арқасында күрделі ұрыс-керісті шешуге болады. Біз бүгін «неке шарты» жайында тәжірибе алмастық. Біздің заңда бұл сұраққа толық жауап берілген жоқ және халық неке шартын құруға толық дайын емес. Неке шартына отыратын көптеген азаматтар сезім мен материалдық жағдайдын некеге дейін ешқандай байланысы жоқ деп есептейді. Мұны әдепсіздікке жатқызады. «Неке шартына» көбінесе ауқатты адамдар отырады. Өйткені олардың дүние-мүлкі бар, соны жоғалтып алудан қорқады.

«Неке шартына» тек материалды талаптарды қосуға болады. Мысалы ерлі-зайыптыларға ажырасқаннан кейін қандай мүлік қалатыны немесе кұйеуінің қай мүлігін зайыбы ала алатын талаптар. Құжаттарды нотариус куәландырады, екі жақтын қолы қойылып, мөрмен бекітіледі.

Сабақтың қорытындысы (3 минут):

Сонымен сабаққа жақсы қатысқан оқушыларға рахмет айта отырып, білімдерін бағалап өтсек.

Үй тапсырмасы (3 минут):

ҚР «Неке шартына» қойылатын талаптарды өзге шетел мемлекеттерінің шарттарымен салыстырып,кесте ретінде көрсету. Сыйға беру шартының жекеленген түрлеріне екі жағдайлы есеп құрастырып, шарт үлгісін жасау.

 

Негізгі әдебиеттін тізімі:

1.ҚР Конституциясы 30 тамыз 1995 ж (кейінгі өзгертулер мен толықтырулар)

2.ҚР нотариат туралы заңы 14 шілде 1997 ж (кейінгі өзгертулер мен толықтырулар 28.06.2012 ж. Казахстанская правда)

3.ҚР Азаматтық іс жүргізу кодексі 13 шілде 1999 ж (өзгертулер мен толықтырулар )

4.Нотариустардың нотариалдық іс-әрекеттер жасау ережесін бекіту туралы ереже, 2012 ж 31 каңтардағы № 31 бұйрығымен ҚР әділет министрлігі бекіткен.

5.«Неке (ерлі-зайыптылық ) және отбасы туралы» Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 26 желтоқсандағы № 518-ІV Кодексі. (өзгертулер мен толықтырулар 03.07.2013 ж. Егемен Қазақстан)

 

Қосымша әдебиеттін тізімі:

1.Г.Р. Рахметова Қазақстан Республикасының Нотариаты. оқулық,Алматы 2012 ж.

2.Михайлова Е.П. Таранина Е.Б. Нотариат в схеме. Учебное практическое пособие. А-2011 г.

скачать dle 11.0фильмы бесплатно