Жайық өзенінің экологиялық проблемаларының Батыс өңірінің әлеуметтік – экономикалық жағдайына әсері

Реклама
Сәкенова Гүлнұр Мырзатайқызы
2 курс, 0104000 «Кәсіптік білім беру (салалар бойынша)» мамандығы
Орал газ, мұнай және салалық технологиялар колледжі.
Жетекшісі: арнайы пәндер оқытушысы
Закарина Шынар Курманбаевна

Жайық өзенінің экологиялық проблемаларының Батыс өңірінің әлеуметтік – экономикалық жағдайына әсері

 

Қазіргі таңда адам мен табиғат арасындағы қарым-қатынастар жылдар бойы шиеленісіп келеді. Жер бетінде өнеркәсіптің ілгері дамуы, ғылыми техникалық революция және соның салдарынан табиғат қорларын пайдалану бірнеше есе өсіп, адамдардың қоршаған ортаға зияны өсіп отыр. Адамзаттың табиғатқа жасап жатқан зардабы өте баяу жүретіндіктен қоршаған ортаға тигізілетін зиян бірнеше жылдардан кейін ғана біліне бастайды. Осыған байланысты зиянды өзгерістерді алдын алу үшін орындалатын іс-шаралар тым кеш болып, нәтиже бермей, болмаса мезгілі өтіп кеткен соң көп күш, қаражат пен материал жұмсауға тура келеді. Табиғат бізге ата-бабамыздан қалған мұра және ең қасиетті құндылығымыз. Бүгінгі таңда алаңдатып отырған басты мәселелердің бірі - экология. Қоршаған ортаны қорғау біздің негізгі міндетімізге айналып отыр. Жыл сайын Елбасымыз Н. Ә. Назарбаев өз жолдауында табиғат мәселесіне арнайы тоқталып, бюджеттен қаржы аударылатынын атап өтеді. Қазақстанның көптеген аудандары бүгінгі күнге дейін экологиялық мүшкіл хал кешіп отыр. Қоршаған ортаны қорғау шараларына республикамыз біршама мөлшерде мемлекеттік және орталықтандырылған түрде күрделі қаржы бөліп отыр. Алайда, мұның бәрі республиканың ұлттық табысының өте аз пайызын құрайды. Табиғат қорғауға бөлінген қаржының 50–60 %-дық игеру үлесі, Қазақстанның ірі кәсіпорындарына тиесілі. Экожүйелердегі тұрақсыздық, табиғи-шаруашылық қорларының интенсивті түрде игерілуі, жер-су қорларына үсті-үстіне келіп жатқан антропогенді зияндылықтың көбеюі, қоршаған орта жағдайын барған сайын нашарлатуда.Табиғи кешендерге антропогенді факторлардың тигізер әсері кеңістік пен уақыт аралығында бірдей емес екендігі белгілі. Қоршаған ортаны зиянды заттармен, техногенді қалдықтармен ластауда Қазақстанның көптеген кәсіпорындары үлес қосып отыр. Бүгінгі таңда Біріккен Ұлттар Ұйымы қауымдастығы дүние жүзінде болып жатқан экологиялық мәселелерге көп көңіл бөлуде. Апаттарды болдырмауда, қуаңшылықтың алдын алу үшін арнайы шараларды пайдаланып, негізгі концепцияларды құруда. Осы мақсатты іске асыруда арнайы жасалған халықаралық ғылыми жобаларды пайдалана отырып оны жер шарының бір қатар елдерінде жүргізуде. Ғалымдар соңғы жылдары болып жатқан түрлі табиғи аппаттарды адам баласының қоршаған ортаға тигізген техногенді әсерінен деп болжайды. Уақыт жылжыған сайын адамзат қоғамы, ғылым мен техника қарыштап дамуда. Табиғаттың тепе-теңдік заңдылығы сақталмаған жағдайда қарқындап өрлеудің соңы жақсылыққа апармайтыны белгілі құбылыс. Өндірісте, ауылшаруашылығында негізгі шикізат көздерінің бірі – су болып табылады. Су - жердегі ең көп таралған қосылыс. Оның мөлшері 1,4х10 18 тоннаға жетеді және жер бетінің шамамен бестен төрт бөлігін жабады. ҚР Президентінің «Қазақстан-2050» стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауында: «Төртінші сын-қатер судың тым тапшылығы. Әлемдік су ресурстары да қатты қысым көріп отыр. Соңғы 60 жылда жер шарында ауыз суды пайдалану 8 есе өсті. Осы жүзжылдықтың ортасына қарай көптеген елдер суды сырттан алдыруға мәжбүр болады. Су – барынша шектеулі ресурс және оның көздерін иелену үшін күрес жер бетіндегі шиеленіс пен жанжалдар себептерінің бірі ретінде, қазірдің өзінде геосаясаттың аса маңызды факторына айналып отыр. Сумен қамтамасыз ету проблемасы біздің елімізде де өткір мәселе болып отыр. Бізге сапалы ауыз су жетіспейді. Бірқатар өңірлер оның зардабын қатты тартуда. Бұл проблеманың геосаяси астары да жоқ емес. Қазірдің өзінде біз трансшекаралық өзендердің су ресурстарын пайдалануда бірқатар мәселелермен бетпе-бет келдік. Аталған мәселенің күрделілігіне қарамастан, біз оны саясаттандыруға жол бермеуге тиіспіз», – деген болатын Елбасымыз.

Батыс Қазақстан облысында жалпы 196 өзен ағады, оның тек 8 ағыны тұрақты, ұзындығы 200 км асады. Климаттық жағдайы мен су жинайтын алқабының мөлшеріне қарай тұрақты өзендер қатарына Жайық, Шаған, Деркөл жатады, олар Батыс Қазақстан облысының аумағының географиялық желісін құрайды. Жайық өзенінің ластануы Ресей және Қазақстан Республикасының Ақтөбе облысының территориясында жүреді (Елек өзені арқылы). Өндірістер жұмысының тоқтауына байланысты, Орал қаласының тұсында бұрын тіркелген ауыр металл тұздары (хром, цинк), соңғы 2 жылда байқалған жоқ. Батыс Қазақстан облысының жер беті сулары жауын-шашын және еріген қар суларының су қоймаларына, жер бедерінің төмен бөлігіне ағып жиналу процесінде пайда болады. Жайық өзені бірнеше географиялық белдемелерден: таулы-орманды, орманды-жазық, жазық-шөлейттен өтеді. Жайық су қоймасының тереңдігі 5–30 м және мөлдірлігі 1–4 м болған. Оттегінің жеткіліксіздігі, әсіресе, қысқы уақытта байқалады. Өсімдік жамылғысы, көбіне жартылай жүзгіш өсімдіктер (негізінен қамыс), флораның түрлік құрамы бай болып келеді. Су өсімдіктерінің кең таралуына судың мөлдірлігі, ортаның әлсіз сілтілік реакциясы (рН8), минералдығы (180 мг/л шамасында) және сублиторалды белдемдегі карбонатты сапропелдің (органикалық заттың 35 %) болуы мүмкіндік туғызады. Бұл өзеннің басын Орал тауының 600м биіктігінен алады. Оның жалпы ұзындығы 2354 км, оны 500 км ғана облыс территориясымен өтеді. Жайық өзені Каспий маңы ойпатын кесіп өтіп, Каспий теңізіне құяды. Негізгі арнасына Батыс Қазақстан облысының жерінде бірнеше салалары қосылады. Оның оң жақ салаларына – Ембулатовка, Быковка, Рубежка, Шаған және Деркөл, ал сол жақ салаларына – Елек, Шыңғырлау, Барбастау, және Ащы өзендері жатады. Соңғысы басын Шалқар көлінен алады да, Жайық өзеніне су мол жылдары ғана қосылады. Соңғы жылдары Жайық өзеніне қатысты жалпы экологиялық жағдай нашарлап барады. Жайық өзенінің беткі суларының ластануының маңызды факторы өндірістік кәсіпорындарының қызметі, суалатын алаңдар аумағындағы ескіден бергі ластар, қалалық, және кенттік шайынды сулар болып табылады. Жайық өзені мен аңғарлардың суының азаюына, өсімдіктер мен жануарлар дүниесінің бұзылуына рұқсатсыз ағаштар кесу және далалық өрттер әсер етуде. Қазіргі таңда Жайық өзенінің басты экологиялық мәселелері, басқа да өзендер сияқты, кешенді табиғи, антропогендік және техногендік үрдістермен тығыз байланысты. Егер де бұл мәселені аса назар салып ыждағаттылықпен дер кезінде шешер шұғыл шараларды қолға алмаса Жайық та Арал теңізі сияқты өткенімен салыстыруға келмейтіндей халге туспек. Бүгінгі күнде бұл ғалымдарды аса толғандыратын мәселелердің бірі болып табылады. Жайық өзенінің бұрынғы қалпынан айырылуының ең бірінші себептері болып, толассыз су ағынының табиғи үрдістердің механикалық үрдістер түріндегі әсерінен болатын арнаның бұзылуы болып табылады. Бұл мәселенің жағымсыз салдары болып табылатындар: өзеннің тайыздалуы мен оның гидрологиялық режимінің нашарлауына соқтыратын қайраңдардың пайда болуы, арнаның лайлануы, су жағалауларының иреңдері мен топырақ жайылған жерлерінің жеңіл механикалық құраммен шайылуы болып табылады. Осының барлығы өзеннің арна бетінен асып және үлкен аумаққа судың тасып кету қауіпін туғызады. Атап айтылған құбылыстар Жайықтың көктемгі мезгілінде болатын қатты тасқынымен одан бетер тереңдей түседі. Қазақстан Республикасының аймақтарында өзендер арнасының лайлануына теріс әсер ететін факторларға ағысты баяулайтын даланың жазықтылығы және арнаның көп ирелеңдігіне әсер ететін жер бедерінің сәл жотылығы жатады. Жоғарыда аталғандарға байланысты өзеннің тұтастығы мен қызметі оған тұрақты түрде жасалатын күтіммен жүзеге асырылады. Өзен арналарынының лайлануының басты себебі оның салалары мен бастау көздерінің тазаланбауынын кесірінен. Жайық өзенінің табиғи экожүйесінің тозуына оның су мен өсімдіктер, жануарлар мен балық ресурстарын пайдаланатын шаруашылық қызметтері де айтарлақтай әсерлерін тигізеді. Елді мекен жерлердегі жағалай өзеннің жағалаулары мен су алатын алаңдарда, тасқын кезінде өзенге шайылатын қалдықтар төгіледі. Жайық өзенінің бойында орналасқан көптеген үлкен қалалар мен ауыл,аудандары арналарының тазалық құрылғылары ескірген, жаңа құрылғылармен жаңғыртуды қажет етеді және арналық ағындарды қажетті дәрежеде тазартумен қамтамасыздандырылу қажет. Жайық өзенінің жыл сайынғы нашарлап бара жатқан экологиялық жағдайы Парламент Мәжілісінің депутаты Е. Тарасенконың қозғап жүрген өзекті мәселелерінің біріне айналып отыр. Шекарааумақтық Жайық өзені суға тапшы Қазақстан ғана емес, Ресейдің де ерекше мемлекеттік маңызды негізі су күретамыры болып табылатыны сөзсіз. Тіпті одақтық мемлекет кезінде де осылай болған. Қазақстан Республикасы Үкіметінің 21.01.2004 жылғы №159 қаулысымен «Ерекше мемлекеттік маңызы бар су нысандары тізбесі мен ерекше мемлекеттік маңызы бар су нысандарының шаруашылық қызмет режимін құқықтық реттеу ерекшеліктері» бекітілген. Өкінішке орай, Жайық өзені осы аталған құжаттағы өлшемдерге сәйкес келсе де, ерекше мемлекеттік маңызы бар су нысандарына жатқызылмаған, осыған байланысты оған өз дәрежесінде көңіл бөлінбей келеді.

Қорытынды: Жайық өзені 2428 шақырымға созылады. Оның бойы тұнған табиғи байлықтың көзі болып табылады. Жайықтың қойнауы мен суларында 450-ден астам жануарлар, 50-ге жуық балық түрлері, 345 құс түрлері және 1200-ден астам өсімдік түрлері көптеп кездеседі. Ал осы өзеннің өн бойында 383-тен астам су тартатын қондырғыштар бар. Олар Жайық суының деңгейін төмен түсіруде. Жайық өзені алабы ежелгі өркениет орталығы және қазіргі уақытта Қазақстан мен Ресей Федерациясының әлеуметтік экономикасында аса маңызды орын алады. Жайық өзені жылдан жылға тартылып барады. Соған байланысты өзендегі балық қоры да азаюда. Бір кездері Жайықтың мақтанышына айналған бекіре уылдырық шашу үшін Каспииден Орынборға көтерілетін, осы күні Атырыудан әрі аса алмайды. Бұрынырақта үлкен кеме жүзген өзенде қазір шағын қайықтардың өзі тайраңдап қалады. Жайық трансшекарааралық өзен сондықтан туындаған түйткілді корші елмен бірлесіп шешуге тура келеді. Дегенмен жоғардан су келмейді деп ауызды қу шөпен сүртіп шарасыздық танытып отыруға тағы болмайды. Ресей сияқты бізде бөгет орнатып, канал қазып үлкен су қоймаларын салуымыз керек. Су мол келетін көктем мезгілінде қоймаларды суға толтырып әрекет етуге болады. Жайық өзенінің ландшафтты-экологиялық жағдайын және су кешенін қалыпқа келтіру мен сақтау басты міндет. Жайық өзенінің көпғасырлық байырғы бай тарихы біздің ұрпақтар үшін жоғалмауы тиіс.

Әдебиеттер тізімі

  1. Дәрібаев Ж. Е., Баешов Ә. Е., Сермаңызов С. С. Экология. – Алматы : Дәнекер, 2005. – 92–98 беттер.
  2. ҚР Президентінің «Қазақстан-2050» стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауы, 14 желтоқсан 2012, 17:35. URL: http://www.inform.kz/kaz/article/2518877.
  3. Мұнайлы Астана. – 2013. – 17. 07., 17:52. URL: http://www.m-astana.kz.
  4. Егемен Қазақстан №98. 28 мамыр 2015ж. 18 бет

скачать dle 11.0фильмы бесплатно